Елдің дәулетін сәулетінен аңғаруға болады. Қаншалықты құрылысы қарқынды болса, сол елдің ырыс-берекесі тасыған деуге толық негіз бар. Дейтұрғанмен, сан түрлі ғимараттар салу үшін құрылыс материалдарын өндіру де дамыған елдің алғышарты. Әсіресе, қазіргі құрылыс саласына аса қажетті материалдың бірі – цемент. Жетісу өңірінде де құрылыс қарқынды. Демек, өңірде материалдарға да, оның ішінде цементке сұраныс жоғары. Бір облыстың емес, бірнеше өңірдің қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған бірегей кәсіпорын «Аlacem» зауыты бар.
Бұл зауыт жайлы сөз бола қалса, «қытайдың өндірісі» деген жаңсақ түсінік бар. «Қытайдың зауыты» деген атау қайдан шыққаны белгісіз, өңір халқының дені солай дейді. Негізі Қазақстан – Сингапур бірлескен кәсіпорны. «Аlacem» зауыты директорының орынбасары Болысбай Момбаев осыған қынжылатынын да жеткізді.
– Бұл ешқандай қытайлық зауыт емес. Жұрт жалған пікірде жүр. Жылына 4 млрд. теңгеге жуық салық түсімін беріп отырған кәсіпорын аудан бойынша қайырымдылық жасаудан кенде қалып отырған жоқ. Былтыр аудан бойынша 130 млн. теңге әлеуметтік көмек жасаппыз. «Мектепке жол» сынды жобаларға үлес қосудамыз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 30 мың теңгеден атаулы жоба бойынша қаражат бөлдік. Қазақстан – Сингапур бірлескен кәсіпорны алдағы уақытта да қайырымды бастамаларды жүзеге асыра береді, – дейді директордың орынбасары.
Өз үйінде құрылыс жүргізген кісі цементті базардан сатып алады да өз мақсатына орай пайдаланады. Бірақ, осы аса қажет материалдың неден және қалай жасайтынын біле бермейді. Құрамын да зерделеп көрмейді. «Аlacem» зауытында осыған зер салдық. Өндіріс орнының зертханасы басшысының орынбасары Казира Әбілсейіт цементтің құрамын жілік шаққандай таразылап берді. Өзі талдырмаш бойжеткен тұтас зауыттың сапалы өнім шығаруына жауапты екенін жүрегімен түйсінетіндей.
– Топырақ, металл рудалары, әк сынды қоспалардың нәтижесінде түрлі маркалы цемент өндіреміз. Біздің жауапкершілік – сапаны төмендетпеу. Зауыт өндіріп жатқан әрбір 150 тонна өнімнен сынама аламыз. Жұмыс үдерісіне орай қыста 1, жаз айларында 5-6 сынама алуға тура келеді. Өйткені сұраныс жазда артады. Физикалық-механикалық зертханада цементке әртүрлі сынама жасаймыз. Оның суда төзімділігіне, тығыздығы мен әртүрлі жүктемеге төтеп бере алуын бақылаймыз. Әзірге сапа төмендеген жоқ, – дейді Казира Әбілсейіт.
Біз зертханаға енгенде маман Есім Төлендин сынама жасап жатқанын байқадық. Әуелі өнімнің жайылымдылық жайын сарапқа салып көрді. Нәтиже жаман емес. Содан кейін бетон білеуді сығымдау аппаратына салды. Суда бірнеше күн тұрған өнім біршама салмақты көтереді екен.
Жалпы, Алматы облысы мен Алматы қаласын, Жетісу облысын цементпен қамтып отырған зауыт шикізатты Басши ауылдық округі территориясындағы карьерден тасымалдайды. Күніге 10 жүк көлігі 20 тоннадан әктасты 6 мәрте жеткізуі тиіс. Мұндай жүкті тасу арқылы бірер жыл бұрын жөндеу жүргізілген Алтынемел арқылы өтетін жолдың тозуына әжептәуір әсерін тигізеді. Осы мәселе көтерілгеннен кейін жергілікті атқамінерлер, халық қалаулылары зауыт басшылығына техникалық жол салу жөнінде ұсыныс білдірді. Қазір «Аlacem» серіктестігі бұл бастаманы шындап қолға алуда. Жол салуға аудан әкімдігі жер де беріпті. Бірер жылдан соң ауыр шикізат тиеген жүк көліктері өз жолымен, қарапайым көліктер өз жолымен жүретін болады.
Қазір зауытта 560 адам нәпақа тауып жүр. Оның 500-і жергілікті тұрғындар. Жұрт жиі сөз ететін шетелдіктер аз. Бар-жоғы 28 маман. «Аlacem» зауыты директорының орынбасары Болысбай Момбаев уақыт өте бұл мамандарды да жергілікті тұрғындар ауыстырады. Себебі, өнеркәсіп басшылығы маман даярлау ісін мықтап қолға алған. Қазір зауыттағы орташа жалақы 370 мың теңгені құрап отыр.
Зауыт қазір 3 маркалы өнім шығарады. Қызу тіршілік қаптау бөлімінде. Нұрбол Әжібеков басқаратын цехта 17-18 адам жұмыс істейді. Цех бастығының айтуынша, мұрын қанайтын жұмыс жоқ.
– Зауыт ашылғанда қарапайым жұмысшы болып орналасқанмын. Қазір цех бастығымын. Бұл маңда аса ауыр жұмыс жоқ. Аппаратқа дайын қапты кигізіп тұру керек, – дейді Нұрбол Әжібеков.
Қазір зауыт толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жылына 1380 тонна өнім шығарады. Өніміне сұраныс та жоғары. Өңір әлеуетін көтеретін кәсіпорын тұралаусыз жұмыс істесін деген тілек те білдірдік біз де!
Дастанбек САДЫҚ
Ескелді ауданы