РИЭЛТОР – қазіргі қоғамда ең көп талқыланатын мамандықтардың бірі. Біреулер оларды «баспана табуға көмектесетін кәсіби маман» деп бағаласа, енді біреулер «үй сатушы мен сатып алушының арасындағы делдал» деп қабылдайды.
Алайда жылжымайтын мүлік нарығына терең үңілсек, риэлторлық қызмет – жай ғана сауда емес, күрделі әлеуметтік-экономикалық процестің бір бөлігі екені анық байқалады.
Баспана – адамның өміріндегі ең маңызды құндылықтың бірі. Үй – тек төрт қабырға емес, отбасының тұрақтылығы, адамның қауіпсіздігі, болашаққа деген сенімі. Сондықтан тұрғын үй сатып алу немесе сату – өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Ал осы шешімдердің жүзеге асуына ықпал ететін – риэлтор.
Қазақстанда риэлторлық қызмет тәуелсіздік жылдарымен бірге қалыптасты. Кеңес дәуірінде тұрғын үйлер негізінен мемлекет меншігінде болғандықтан, жылжымайтын мүлікті еркін сатып алу немесе сату тәжірибесі кең тарамаған еді. Ал 1990-жылдардың басында тұрғын үйлер жекешелендірілгеннен кейін жылжымайтын мүлік нарығы қалыптаса бастады. Осы кезеңде риэлторлық қызмет те пайда болды. Алғашында бұл сала жүйесіз дамыды. Пәтер сатқысы келген адамдар мен сатып алушыларды табыстыратын жеке делдалдар көбейді. Кейін бұл қызмет біртіндеп агенттіктерге бірігіп, кәсіби құрылым қалыптаса бастады. Бүгінде Қазақстанда жүздеген жылжымайтын мүлік агенттігі жұмыс істейді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес соңғы жылдары Қазақстандағы тұрғын үй бағасы тұрақты өсіп келеді. Мәселен, соңғы бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы шамамен 4-5 пайызға өскен, екінші нарықтағы пәтер бағасы 6 пайыздан астам қымбаттаған, жалға берілетін тұрғын үй бағасы кей өңірлерде 10 пайызға дейін артқан.
Сарапшылардың айтуынша, бұл өсімге бірнеше фактор әсер етеді: урбанизацияның күшеюі, халық санының өсуі, құрылыс материалдарының қымбаттауы, ипотекалық бағдарламалардың кеңеюі. Яғни жылжымайтын мүлік нарығы тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар күрделі жүйе.
Соңғы бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы шамамен 4-5 пайызға өскен, екінші нарықтағы пәтер бағасы 6 пайыздан астам қымбаттаған, жалға берілетін тұрғын үй бағасы кей өңірлерде 10 пайызға дейін артқан.
***
Талдықорғанда тұрғын үй іздейтіндердің басым бөлігі – жас отбасылар. Көпшілігі ипотекалық бағдарламалар арқылы баспана алуға тырысады.
ЖЕТІСУ облысының орталығы – Талдықорған қаласында да соңғы жылдары баспана нарығы жандана түсті. Қалада жаңа ықшамаудандар пайда болып, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Шаһар кеңейген сайын баспанаға деген сұраныс та артып келеді. Әсіресе жас отбасылар арасында.
Жергілікті риэлторлардың сөзінше, Талдықорғанда тұрғын үй іздейтіндердің басым бөлігі – жас отбасылар. Көпшілігі ипотекалық бағдарламалар арқылы баспана алуға тырысады. Алайда әр отбасының қаржылық мүмкіндігі әртүрлі болғандықтан, өзіне қолайлы пәтер табу кейде ұзақ уақытқа созылады.
Көпшілік риэлтор жұмысын тек пәтер көрсетумен байланыстырады дейді осы салада жүрген маман Линара Қасенқызы.
Шын мәнінде бұл мамандықтың негізгі жұмысы көзге көрінбейді. Риэлторлар: нарықты талдайды, пәтер бағаларын салыстырады, клиенттердің талабын анықтайды, құжаттардың заңдылығын тексереді, сатып алушы мен сатушы арасындағы келіссөз жүргізеді, мәміленің заңды әрі қауіпсіз өтуін қадағалайды. Кейде бір пәтердің сатылуы бірнеше аптаға, тіпті бірнеше айға созылуы мүмкін. Ал кейде ұзақ уақыт жүргізілген келіссөздер соңғы сәтте нәтижесіз аяқталатын жағдайлар да кездеседі, – дейді ол.
Оның айтуынша жылжымайтын мүлік нарығы – тек ақша айналымы емес. Бұл жерде адамдардың өміріндегі маңызды кезеңдер тоғысады. Бір жас отбасы алғашқы баспанасын алады. Біреу жаңа жұмысқа байланысты басқа қалаға көшеді. Ал кейбір адамдар өмірлік қиын жағдайларға орай үйін сатуға мәжбүр болады. Сондықтан риэлторлар кейде адамдардың қуанышына да, қайғысына да куә болып жатады.
Осы салада ұзақ жыл бойы жұмыс істеп келетін тағы бір маман жаңа пәтердің кілтін алған адамдардың қуанышын көру – риэлторлар еңбегінің ең үлкен нәтижесі екенін айтты. Соған қарамастан олардың қызметі қоғамда жиі сынға ұшырайды. Әсіресе комиссия мәселесі көп талқыланады. Көп жағдайда риэлтор қызметінің ақысы мәміле құнының 1-2 пайызы көлемінде белгіленеді. Кейбір тұрғындар бұл соманы көп деп санайды. Бірақ бұл жұмыстың сырт көзге көрінбейтін тұстарын екенің бірі ескере бермейді. Себебі, мәміле тек пәтер көрсетумен шектелмейді. Оның ішінде құжаттарды тексеру, келіссөз жүргізу, заңдық мәселелерді реттеу сияқты күрделі процестер бар.
САРАПШЫЛАРДЫҢ пікірінше, жылжымайтын мүлік нарығындағы негізгі мәселе – сенім. Көптеген дамыған елде риэлтор болу үшін лицензия алу, кәсіби емтихан тапсыру және арнайы білім қажет. Ал Қазақстанда бұл сала толық реттелмеген. Сондықтан кейде тәжірибесіз делдалдардың пайда болуы қоғамдағы сенімге әсер етеді.
Риэлторлық қызмет – тек табыс табудың жолы емес. Бұл – адамдардың өміріндегі маңызды шешімдердің ортасында жүретін жауапкершілігі жоғары кәсіп. Ал баспана – адамның өміріндегі ең үлкен арманның бірі. Сол арманға апаратын жолда риэлтордың кәсібилігі мен адалдығы ерекше маңызға ие. Ендеше риэлторлық қызметтің мәнін тек делдалдық ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – адамдардың тағдырымен, олардың болашағымен тығыз байланысты мамандық. Ал баспанаға деген сұраныс барда риэлторлардың да қызметі үзілмек емес.
Сарби ӘЙТЕНОВА





