Осы уақытқа дейін көптеген конкурсқа қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Мектепішілік, облыстық және республикалық байқауларда топ жардым. Ең үлкен жетістіктерімнің бірі – «Жетісу» республикалық сайысында «Кеңес» күйін орындап, 1-орыннан көрінген болатынмын.
Мен Қытай Халық Республикасы, Күнес ауданында дүниеге келдім. 2014 жылдың наурыз айында отбасымызбен Қазақстанға көшіп келдік. Қазіргі таңда Сарқан қаласында тұрамыз. Ақын Сара атындағы орта мектепте білім алып жүрмін. Домбыра аспабында ойнағанды ерекше жақсы көремін. Бұл өнерге деген қызығушылығым 6 жасымда пайда болды.
Біздің оқу орнымызда домбыра үйірмесі ашылғанына 4 жыл. Қазіргі уақытта мұнда 45 оқушы 3 топқа бөлініп, қос ішекті аспапты тартумен айналысамыз. Мен осы үйірменің белсенді мүшесімін және «Үкілі домбыра» ансамблінде өнер көрсетемін. Ансамбльде шеберлігімді жетілдіріп, өнерімді дамытудамын.
Домбыра өнерінде жетістіктерге жетуіме жетекшім Гүлден Тұқымбекованың еңбегі зор. Ол домбыра тартудың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, өнерге деген сүйіспеншілігімді арттырды. Гүлден апай – өз ісінің нағыз шебері, тәжірибелі әрі білікті ұстаз. Ол әр оқушыға ерекше көңіл бөліп, олардың қабілетін ашуға үлкен ықпал етеді. Сабақтарын әрдайым қызықты әрі мазмұнды өткізеді.
Қазіргі таңда әртүрлі күйлерді шебер орындай аламын. Олардың қатарында: «Тепең көк», «Келіншек», «Ер Тұран», «Ерке сылқым», «Адай», «Балбырауын» және басқа да күйлер бар. Домбыра тарту мен үшін өнер ғана емес, рухани байлығымның бір бөлігі.
Нарқұлан СЕРІК,
Сарқан қаласындағы Ақын Сара атындағы орта мектептің
9-сынып оқушысы
Сарқан ауданы





