Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша айыпталып отырған Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пралиев әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.
Ол үндеуде істің материалдарына сүйенбеген жалған ақпараттардың тарап жатқанын айтып, мәліметтерді нақтылауға тырысқанын жеткізді.
«Ұлымның әрекетін ақтаудан аулақпын. Болған жағдайға шын жүректен өкініш білдіремін. Жаза болуы керек екенін түсінеміз, бірақ оның әділ және жасалған әрекетке сай болуына үміттенеміз», – деді Пралиев.
Оқиғаға қатысты айтылған жайттар
Пралиевтің айтуынша, кейбір жарияланымдарда оқиғаны бұрмалау белгілері байқалады. Мысалы, ақпаратта «5 оқ жарақаты» деп көрсетілгенімен, тергеушінің қаулысы мен заттай айғақтарды қарау хаттамасына сәйкес, жәбірленушінің денесінен 3 дана ғана бытыра қалдығы табылған.
Сондай-ақ, ол жәбірленушінің алғашқы видеожазбасында жарақаттары жарияланған мәліметтерден жеңіл көрінетінін, кейін тәуелсіз сараптама алу мүмкін болмағанын айтты.
Пралиевтің сөзінше, жәбірленуші сот отырысына дейін бірнеше күн бұрын Шымкент қаласы әкімдігіне барған, бұл оның жарақаттарының ауырлығы туралы күмән тудырады.
Айыпталушының әрекеті туралы
Пралиев ұлының жәбірленушімен кездесулер туралы айтпағанын және оның негізгі мақсаты қорқыту болғанын мәлімдеді. Оқиға кезінде аңшылық қарудан 5 рет оқ атылған, бірақ жәбірленуші рикошет арқылы жарақат алғанын, оқ түзу бағытталмағанын жеткізді.
Оның айтуынша, барлық оқ атылғаннан кейін тараптар әлі де аяқта тұрып, сөйлескен. Бұл деректер іс материалындағы видеожазбалармен расталады.
Пралиев жәбірленушінің алғашқы және кейінгі түсініктерінде айырмашылықтар бар екенін айтып, соңғы нұсқасында айтылған «басына қару тақап, атуға оқталды» деген мәліметтің сараптама қорытындысымен расталмағанын атап өтті.
«Біз ешкімге біздің жағдайымызды тілемейміз. Ұлымыз үшін әділ жазаға үміттенеміз», – деді ол үндеуінде.





