Жаңа Конституция азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғаудың жаңа кезеңін бастады. Соның ішінде халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше мән беріліп, бұл құқық конституциялық деңгейде нақты әрі жан-жақты бекітілді. Денсаулық сақтау саласына қатысты енгізілген нормалар әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын мемлекеттің басты құндылығы ретінде қарастыратынын айқын көрсетеді.
Жаңа Конституцияның 32-бабына сәйкес әрбір азамат денсаулығын қорғауға құқылы. Мемлекет заңда белгіленген көлемде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген пакетін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар азаматтардың заңнамада белгіленген тәртіппен ақылы медициналық қызметтерді пайдалану құқығы да сақталады. Бұл норма мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік жауапкершіліктің тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады.
Қазіргі міндет – медициналық көмекті тек қолжетімді ғана емес, сапалы, қауіпсіз әрі тиімді ету. Осы мақсатта алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға, профилактикалық шараларды күшейтуге, созылмалы аурулардың алдын алуға және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа құжат денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге де мүмкіндік береді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру – конституциялық қағидаттарды іске асырудың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені сапалы медицина ең алдымен білікті мамандар мен тиімді басқару жүйесіне байланысты.
Жаңа құжаттағы конституциялық кепілдіктер медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және ұлт саулығын нығайтуға қызмет етеді.
Біржан Байжанов,
«С. Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы»
ШЖҚ РМК облыстық аймақтық департаментінің директоры





