Талдықорған: +15°C
$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Сарқан тынысы

Бүгін, 09:00
КҮНДЕРЕК
Сарқан тынысы

Қанат Мақанұлы

WhatsAppTelegramFacebook

Газет оқымайтын қоғамның көкірек көзі қалай ашылмақ? Ақпарат ағыны мен тасқыны толас таппаған заманда мерзімді басылымға мұрын шүйіріп қарау, оның қадірін кеміту, әрине, рухани жұтаңдықтың бір көрінісі. Мемлекет басшысы көтерген «Оқитын ұлт» бастамасының түпкі мәні де осында. Кітаппен бірге газет-журналды серік етіп, ел ішіндегі жаңалық пен аймақ тынысын танып-білу – өркениетті қоғамның өрелі үрдісі. Алайда бүгінгі қоғам осыны әлі сезінбей отыр.

Осы түйткілдің түйінін шешу мақсатында Сарқан ауданына арнайы ат басын бұрдық. Аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы журналистермен әңгіме барысында 2027 жылға арналған «Jetіsý» газетіне жазылу жоспары әзірленгенін айтып, алдағы науқанда 1000 данаға жазылуға уәде берді. Сондай-ақ аудан мекемелерінің басылымға жазылу мәселесі назарда екенін жеткізді. Әрине, сөздің салмағы – орындалуында. Қазақ: «Уәде – Құдайдың сөзі» деп бекер айтпаған. Ендеше, айтылған уәде қағаз жүзінде құрғақ сөз болып қалмай, нақты іске айналар деген үміттеміз. Келер жылғы жазылым қорытындысы Сарқанның бұл жолы сөзге берік болғанын көрсетсін.

Баспасөз сапарының мақсаты мұнымен шектелген жоқ. Журналистер ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, тіршіліктің күретамыры саналатын ауыл шаруашылығы нысандарын аралады.

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН КӘСІПКЕРЛЕР

Ауданның негізгі несібесі ауыл шаруашылығынан өрілетінін ескерсек, шаруа қожалықтарының жұмысымен танысу сапардың маңызды бөлігі болды. Алғашқы аялдама «Горкавченко» шаруа қожалығы.

Қожалық иелері Светлана мен Владимир Горкавченконың айтуынша, әке кәсібін жалғаған отбасы мал және егін шаруашылығын қатар өрістетіп келеді. Мұнда 500 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Онда ірі қара күтіп-бағылуда. Бұған қоса, шаруашылықтың 92 гектар суармалы егістік алқабы бар. Жыл сайын жүгері егіліп, өсімдік шаруашылығы да тұрақты жолға қойылған. Мал союға арналған орын да өз қарамағында. Бүгінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған қожалықтың техникалық әлеуеті де көңіл қуантады. Атадан қалған кәсіптің арнасын кеңейтіп, нәсібін жер мен малдан тауып отырған отбасының тірлігі осындай.

Келесі бағыт Қойлық ауылындағы «Полухин» шаруа қожалығы болды. Қожалық басшысының көмекшісі Александр Ершовтің мәліметінше, биыл мұнда 100 гектардан астам жерге қант қызылшасы егілген. Өнімді жинап, зауытқа құрғақ күйінде өткізу жұмыстары да аяқталған. Науқан кезінде төрт-бес механизатор жаз бойы дамыл таппай еңбек етіп, 2 трактор алқап жұмысына жұмылдырылған.

Шаруашылық негізінен дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өсірумен, тұқым шаруашылығымен және өңір үшін айрықша маңызға ие қант қызылшасын егумен айналысады. Өнімділік жөнінен де өзіндік орны бар. Мәселен, қызылша жинау науқандарында әр гектардан орта есеппен 500 центнерге дейін өнім алады. Мұндай межеге маңдай тер, жерге деген жанашырлық пен үздіксіз еңбектің арқасында қол жеткізілетіні анық.

Сапарымыздың келесі аялдамасы Бақалы ауылдық округіне қарасты «Мұқанов. К» шаруа қожалығы болды. Дала төсінде ширек ғасырдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан шаруашылық биыл қант қызылшасының көлемін ұлғайтып, науқанға білек сыбана кіріскен.

Округ әкімі Айнагүл Омарованың айтуынша, қожалық биыл 250 гектар алқапқа тәтті түбір еккен. Қазіргі таңда соның 200 гектары жиналып, қалған 50 гектарында орақ жұмысы жалғасуда. Екі комбайн іске қосылып, науқанға маусымдық 40-қа жуық жұмысшы тартылған. 1998 жылдан бері дербес шаруашылық жүргізіп, жердің бабын тапқан кәсіп иелері бүгінде өнім жинаудың қызған шағында жүр.

Қуантарлығы, шаруашылықтың ізін жалғар жас буын да өсіп келеді. Қожалық басшысы Қанатхан Мұқановтың ұлы Ермұхан Алматыдағы аграрлық университетті тамамдап, туған жеріне оралыпты. Қазір осында агроном болып қызмет атқарып, алған білімін атакәсіптің өркендеуіне жұмсауда. Мұны әке жолын жалғаған ұрпақ сабақтастығының жарасымды үлгісі деуге болады.

ИНТЕРНЕТ НЕГЕ НАШАР?

Бүгінгі қоғамды ғаламторсыз елестету қиын. Ақпарат алмасу, білім алу, құжат рәсімдеу, күнделікті шаруаны тындырудың дені интернетке тәуелді. Қала тұрмақ, қиыр жайлап, шет қонған ағайынның тіршілігі жаһандық желімен біте қайнасып жатыр. Алайда өркениет көшіне ілескен осы заманда кейбір елді мекен тұрғындарының интернетке қол жеткізуі әлі де мұң болып отырғаны көңілге кірбің ұялатады.

Бақалы ауылдық округіндегі елді мекендердің жай-күйімен танысу барысында осы мәселе де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Кәкімжан Қазыбайұлы ауылында интернет байланысының сапасы көңіл көншітпейді. Округ әкімі Айнагүл Есболатқызының айтуынша, ауылдағы желі әлсіз болғандықтан, тұрғындар мен балалар интернет игілігін толық пайдалана алмай келеді. Тіпті ғаламторға қосылу үшін елді мекеннің шетіне қарай өрлеп, зират маңына баруға мәжбүр. Сонда ғана байланыс біршама түзеліп, желі тәуір ұстайды екен.

Округ әкімінің пайымынша, мұның бір себебі ауылдағы халық санының аздығына келіп тіреледі. Расында, байланыс операторлары үшін тұрғындары сирек қоныстанған елді мекенге арнайы инфрақұрылым тарту қомақты қаражатты қажет етеді. Базалық стансысы орнату, оған қажетті жабдықтарды жеткізу, электр қуатымен қамтамасыз ету, талшықты-оптикалық желі жүргізу оңай шаруа емес. Мұндай шығынның өтелу мерзімі де ұзаққа созылуы мүмкін. Дегенмен коммерциялық есеп ел тұрғындарының өркениет игілігінен шет қалуына себеп болмауға тиіс.

Әсіресе, ауыл баласының жағдайы алаңдатады. Бүгінде оқушының сабағына қажетті мәлімет іздеуі, қосымша білім алуы, түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысуы интернетпен тікелей байланысты. Құжат рәсімдеу, мемлекеттік қызметтерді пайдалану, жаңалықтан хабардар болу да ғаламтор арқылы жүзеге асады. Ал осындай қарапайым қажеттіліктер үшін ауыл тұрғыны үйінен шығып, желі жақсы ұстайтын жер іздеп жүрсе, мұны дамыған дәуірдің жетістігі деп қалай айтамыз?! Заман көшіне ілесу үшін алдымен ауыл мен қаланың мүмкіндігі арасындағы алшақтықты азайту қажет.

Мәселені шешудің бір жолы – елді мекенге заманауи базалық стансы орнату. Мұндай мұнараларға 3G немесе 4G (LTE) антенналары қойылып, ұялы байланыс пен мобильді интернеттің таралу ауқымы кеңейеді. Сондай-ақ талшықты-оптикалық желі тарту арқылы интернет жылдамдығы мен тұрақтылығын арттыруға болады. Ал жер бедері мен инфрақұрылымдық жағдайға қарай өзге де техникалық шешімдер қарастырылғаны жөн.

Әлбетте, ауылдағы әрбір мәселені бір күнде шешу оңай емес. Алайда ақпарат ғасыры атанған кезеңде интернетке қол жеткізу қосымша артықшылықтың қатарына жатпайды. Ол уақыт талабы, білім мен мүмкіндіктің кілті. Қала тұрғыны үйінде отырып-ақ әлем жаңалығын шолып, шаруасын тындырғанда, ауыл баласының зират маңына барып желі іздеуі жарасымды көрініс пе?! Бұл сауалға жауап іздеп қана қоймай, түйткілдің түйінін тарқататын нақты қадам қажет.

Ауылдың ажары тек жолы мен жарығына, еңселі ғимаратына қарап өлшенбейді. Оның бүгінгі тынысы байланыс сапасынан да аңғарылады. Сондықтан Кәкімжан Қазыбайұлы ауылындағы интернет мәселесі тиісті мекемелер мен байланыс операторларының назарынан тыс қалмай, оң шешімін тапса деген тілек бар. Өйткені өркениеттің көшінен ауыл да кенде қалмауы керек.

АУЫЗБІРШІЛІГІ АРТҚАН АУЫЛ

Ал Бақалының өзінде ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен қайырымды қадамы көзге түседі. Мәселен, мешіт баспалдағының тозған кафельдерін ауылдың бір жомарт азаматы гранитпен алмастыруға 2 миллион теңге қаражат бөлген. Сондай-ақ мешіт жанындағы мәйітхана 1981 жылы туған азаматтардың ортақ қаржысы мен күші арқылы салынған. Мұндай игі істер ауылдың ажарын ашып қана қоймай, ағайын арасындағы береке-бірліктің де бекемдігін танытады.

Елді мекеннің еңсесін тіктеген тағы бір азаматтық бастама бар. Ержан Ғалиев есімді ауыл тұрғыны өз қалтасынан 2 миллион теңге шығарып, биіктігі 25 метрлік Ту тұғырын орнатқан. Көк байрақтың асқақтауы – елдік рухтың белгісі. Ал ауыл сахнасының бой көтеруі де жұртшылықтың ортақ қуанышына айналыпты. Айнагүл Есболатқызының айтуынша, биыл мамыр айында ұзындығы мен биіктігі 6 метр болатын сахнаны 1984 жылы туған ауыл азаматтары өз қаражаттарына салып берген.

Үш ауылды біріктірген Бақалы ауылдық округінде бүгінде 1486 тұрғын бар. Бірі шаруашылықтың шырайын кіргізсе, енді бірі ауылдың көркеюіне қолғабыс етіп, ортақ іске үлес қосып келеді. Әсіресе әр буын өкілдерінің туған жерге деген жанашырлығы көңілге жылылық ұялатады.

БАБЫН БІЛГЕНГЕ БАЛЫҚ ТА БАЙЛЫҚ

Бақалының бағын ашқан тағы бір кәсіп – балық шаруашылығы. Ауыл азаматы Ерік Тәңірберген биылға дейін елді мекенде болмаған кәсіптің негізін қалап, су маржанын өсіруді қолға алған. Кәсіпкер ауыл шетінен арнайы жер қаздырып, дамба тұрғызып, су айналымы реттелетін жасанды тоған жасапты. Оның ерекшелігі – су айдынының кіріс және шығыс арналары арнайы тетік арқылы басқарылады. Яғни су деңгейі мен ағысын қажетіне қарай реттеп отыруға мүмкіндік бар.

«Бақалы» балық шаруашылығы бүгінде сазан, амур және дөңмаңдай балықтарын өсіруде. Тоғанға барлығы 15 мың шабақ жіберілген. Оның 10 мыңы – сазан, 2500-і – ақ амур, қалған 2500-і – дөңмаңдай. Бала күнінен балық өсіруді армандаған Ерік Әсетұлы бұл істі бірден ірі көлемде бастағанын айтады.

15 мың шабақты әрқайсысын 200 теңгеден сатып алдым. Барлығы 3 миллион теңге қаражат жұмсалды. Ендігі мақсатым – балықтарды бабына келтіріп, салмағы 2 келіге жеткенде тірідей қалаға өткізу немесе кептіріп сату. Өзім Алматыда тұрамын, ауылда да үйім бар. Әр 10 күн сайын келіп, тоғанның жай-күйін тексеремін. Судың температурасын да тұрақты бақылауда ұстаймын. Бақалының суы қысы-жазы бірқалыпты температурада болады. Өзге балық түрлері бұл судың жағдайына бейімделе алмайды. Сондықтан осы 3 түрін таңдадым, – дейді кәсіпкер.

Кәсіптің көзін тапқан азамат тоғанды жабдықтауда да заманауи тәсілдерге жүгінген. Алматыдан арнайы құбырлар алдыртып, тұманың суын тікелей тоғанға тартқан. Су алмасу жүйесі арқылы тіршілік нәрінің үздіксіз жаңарып тұруы қамтамасыз етіледі. Тоған орнын әзірлеуге жүк тиегіш техника 80 сағат, экскаватор 30 сағат жұмыс істеген. Мұның өзі кәсіптің сырт көзге оңай көрінгенімен артында қаншама бейнет пен қаражат жатқанын аңғартады.

Алдағы уақытта кәсіпкер су айдынына бейнебақылау камераларын орнатып, үстін арнайы тормен жабуды көздеп отыр. Бұл балықтарды сыртқы қауіптен қорғап, өсіру барысын қадағалауға мүмкіндік береді. Балық шаруашылығында су сапасы, оттегі мөлшері, температуралық режим мен жемшөп құрамы шешуші рөл атқаратынын ескерсек, мұндай күтімнің маңызы зор.

Бір кездері бала қиялынан басталған ой бүгінде нақты кәсіпке айналып отыр. Ерік Тәңірбергеннің бастамасы Бақалының кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ауыл жағдайында да заманауи аквамәдениетті дамытуға болатынын көрсетеді. Ең бастысы, суы бар жерде ырыс барын ұғынған азамат туған жердің табиғи мүмкіндігін кәдеге жаратып, жаңа кәсіптің көзін ашуға талаптанып отыр.

Сарқан сапарынан түйгеніміз, аудан тіршілігінің қос тізгіні ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке байланған. Бірі төрт түліктің бабын тауып, егіннің ырысын еселесе, енді бірі өндіріс пен құрылысқа серпін беруге күш салып келеді. Дегенмен ауданның жетістігін түгендеумен қатар шешімін күткен мәселелерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Соның бірі – баспасөзге жазылу көрсеткіші. Өйткені өңірдің өркенін өрнектейтін, елдің сөзін сөйлейтін басылымға құрмет ең әуелі өз жұртынан басталуы керек. Ал 2027 жылға берілген мың жазылымдық уәде сол құрметтің нақты көрінісіне айналар деген сенім бар.

Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Сарқан ауданы

Қатысты жаңалықтар

Сарқан тынысы

Сарқан тынысы

Бүгін, 09:00
«Жетісудың би өрнектері» Облыстық бишілер байқауының жеңімпазы анықталды

«Жетісудың би өрнектері» Облыстық бишілер байқауының жеңімпазы анықталды

Бүгін, 09:00
Ана тілдің болашағы: «Қазақ тілі» қорының қаржысы 824 млн теңгеге жетті

Ана тілдің болашағы: «Қазақ тілі» қорының қаржысы 824 млн теңгеге жетті

Бүгін, 09:00
Президент жаңа спорт нысандары салынатынын мәлімдеді

Президент жаңа спорт нысандары салынатынын мәлімдеді

Бүгін, 08:55
Арал теңізін қалпына келтіруге жаңа инвестициялар тартылады

Арал теңізін қалпына келтіруге жаңа инвестициялар тартылады

Бүгін, 08:46

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.