Телефондағы атыс-шабыс, қанды-қасап ойындар ұлт болашағына төнген үлкен қауіп. Бар уақытын компьютерлік клубта өткізіп жүрген оқушылардың жай-күйі әзірге ешкімді алаңдатып жатқан жоқ. Бұрыш-бұрышта Wi-Fi іздеп, сабақтан шыққан бойда смартфонға үңілген бала қоғамның қалыпты көрінісіне айналып отыр. Асық атып, ләңгі теуіп, далада доп қууы тиіс өрендер бүгінгі виртуалды майданның «жауынгері».
Талдықорғандағы көпқабатты үйлердің ауласын түс ауа бір аралап шықсаңыз көзіңіз біз айтпақ мәселеге әбден қанығады. Ойын алаңдарында, подьездің алдында смартфон шұқылап құмары қанбай жүрген жеткіншектерді көресіз. Ауыздарынан ала-құла болып ағытылып кетіп жатқан боқауыз сөздерді де естисіз. Күйіп-пісіп әлдебір соғыста жүреді.
Осы ретте журналистік қызығушылықпен арнайы аулаларды аралауға шықтық. Жұмыстың іргесіндегі аулаға бас сұққанымыз сол еді, жоғарыда айтқан ойыншыларға бірден жолықтық. Балалардың қасына баспалап ақырын бардық, ретін тауып пікір алмастық. Не істеп отырғандарын біліп тұрсақ та, «неге жиналып алғансыңдар?» – дедік.
– PUBG ойнап отырмыз, – деді бір топ баланың ішіндегі ересектеуі. Қызық көріп, оны қалай ойнайтындарын сұрадық.
– Ең бірінші қару-жарақ таңдап алу керек. Достарымызбен топ құрып, бір-бірімізді қорғаймыз. Содан соң барып жаулармен соғысамыз. Бұл жерде барлық мемлекет бар. Бәрін жеңсек келесі кезеңге өте береміз, – деді 5-сыныптың оқушысы Санат.
Бұл PUBG жөнінде тереңірек зерделемекке Google-ға жүгіндік. Жан-жақты мәліметті әп-сәтте алдымызға тосты. Жалғыз осы ойынның түрін ғана емес, соған ұқсас бағдарламалардың барын аңғардық.
PUBG – «battle royale» жанрындағы ойын. Жүзге жуық ойыншы бір картаға түсіп, қару-жарақ жинап, бір-бірімен шайқасады. Мақсат – соңғы тірі қалған ойыншы болу. Бұл жерде достықтан гөрі – бәсеке, сабырдан гөрі – шыдамсыздық, кешірімнен гөрі – ату басым. Бір сөзбен айтқанда тірі қалу философиясын жүзеге асыруды көздейді.
Мұндай ұзақ уақыт атыс ойындарын ойнау баланың агрессиялық реакцияларды күшейтіп, тәуелділік туындататыны бесенеден белгілі. Шынайы өмір мен виртуалды әлем арасындағы шекараны көмескі ететіні сөзсіз. Жасөспірімдер эмоцияны жылдам қабылдайды десек, ал экрандағы зорлық-зомбылық санада із қалдыруы ғажап емес. «Күн сайын «жеңу» үшін күрескен бала ертеңгі өмірде де тек қарсылас іздеп кетпей ме?» – деген сауалдың туындауы заңдылық.
Roblox, Minecraft, Brawl Stars, Garena Free Fire, PUBG Mobile секілді ойындар қазір баланың күнделікті өмірінің бір бөлшегі іспетті.
9-сынып оқушысы Әли Тұрарбек 4 жылдан бері интернеттегі ойындарды ойнап келеді. Ол одан демалатынын айтады.
– Жалпы цифрлық ойындар адамның ойлау қабілетін дамытады, жылдам шешім қабылдауға үйретеді, ағылшын тілін меңгеруге ықпал етеді, – дейді ол.
Ал Айжан Амантайқызы 3 баланың анасы. Бүгінде үш ұлының да көру қабілеті нашарлаған. Дәрігерлер мұның басты себебі ұялы телефонды шамадан тыс әрі ұзақ уақыт қолданудан екенін айтқан.
– Балаларым бұрын аулаға шығып, өз беттерімен ойнамайтын. Таңнан кешке дейін смартфонға тесілетін де отыратын. Көбіне ойын ойнайтын. Дәрігер айтқаннан кейін соңғы бір жылда оларды мүлдем телефон ойнаудан тидық. Көру қабілеттері әлі оңала қойған жоқ. Арнайы орталықтарға апарып жаттығу жасатып, емдетіп жүрміз. Осы телефонға қарағаннан тілдері де кеш шықты, – деп жас ана мұңын шақты.
Жалпы жоғарыда аталған ойындардың бала денсаулығына тигізер зияны орасан екенін түйсіндік. Ал жасөспірімдер психологиясына қалай әсер ететінін мамандардың аузынан естігенді жөн көрдік.
– Әсіресе атыс-шабыс, зорлық-зомбылық көріністері бар ойындар баланың мінезіне кері әсер етеді. Мұндай ойындарды жиі ойнаған жеткіншек шынайы өмірде де ашуын тез көрсетіп, шыдамсыз болады. Кейбір балалар жеңілісті қабылдай алмай, күйзеліске түседі. Телефонға тәуелді бала достарымен аз араласады, отбасымен бірге уақыт өткізуге құлықсыз болады. Бірте-бірте виртуалды әлем оған шынайы өмірден қызығырақ болып көрінеді. Бұл әлеуметтік оқшаулануға әкеледі. Ең алдымен, бала телефонға тым көп уақыт бөлсе, оның зейіні шашыраңқы болады. Сабақ оқығанда тез жалығады, кітап оқуға немесе үй тапсырмасын орындауға шыдамы жетпей жатады. Ұйқысы бұзылып, кеш жатып, таңертең шаршап тұрады, – дейді «Психологиялық қолдау бөлімінің» кеңес беруші педагог-психологы Салтанат Тобықбаева.
Ауладағы өскелең өрендердің пікірін тыңдаған соң қаладағы компьютерлік клубтар мен PlayStation ойнайтын орталықтарға да бардық. Есіктен енген сәттен бастап-ақ құлақ тұндырар айқай мен бейәдеп сөздер қарсы алды. Экрандағы жеңіліс пен жеңіс эмоциясын жасөспірімдер анайы сөзбен жеткізеді. Бірі қателессе – боқтайды, екіншісі ұтылса – айғайлайды. Тіпті, бірін-бірі қорлап, намысына тиетін тіркестерді еркін қолданатынын аңғардық.
Әңгімеге тартқымыз келіп, ымдап сөйлеген бізге ешқайсысының жауап бергісі жоқ. Ойынхана әкімшіліктері суретке түсіруге рұқсат етпеді.
Көкейіміздегі ең үлкен сұрақ «бұларды кім бақылайды?» Көптеген ата-ана баласының қайда жүргенін, қанша уақыт ойынханада отырғанын білмеуі мүмкін. «Үйде сабағын оқып отыр» деп ойлайды. Ал шын мәнінде, жас ұрпақ виртуалды майдан даласында.
«Бұл орындарға облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері тарапынан бақылау жүргізіле ме?» – деген сұрақ негізінде сала өкілдеріне байланысқа шықтық.
– Жалпы PlayStation мен компьютерлік клубтарға оқушылардың баруына шектеу қойылмаған. Олар кешкі сағат 21.00-ге дейін бола алады. Біз өткен жылы 16 құқық-бұзушылық фактісін анықтадық. Оның ішінде 3 дерек PlayStation ойын залдарында, 2 жағдай компьютерлік клубтарда тіркелді. 6 жасөспірім түнгі 22.00-ден кейін заң талаптарын бұзып, ойын орындарында жүргендіктен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал биыл 3 құқықбұзушылық фактісі анықталып, 1 кәмелетке толмаған жасөспірімнің сағат 22.00-ден кейін қоғамдық орында жүргені белгілі болды. Осы дерек бойынша 1 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанар Қалықова.
Бүгінгі клубтағы даңғаза ертеңгі күні білімдегі олқылыққа, тәртіптегі салғырттыққа, рухани жұтаңдыққа айналуы мүмкін. Саусағы жүйрік болғанымен, ойы саяз, сөзі дөрекі ұрпақ ұлт болашағы үшін қауіпті. Бізге экран алдында «атысқан» емес, өмірде мақсатқа ұмтылған, біліммен қаруланған, мәдениетті, жауапты жас буын қажет. Қаламыз бен даламыз сауыты жоқ, «саусақ батырларға» толып кетпесін.
Медет ЖҰМАБАЙ





