Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында шыққан орман өртінің ашық жалыны толық сөндірілді. Қазіргі уақытта өрт болған аумақта бықсыған ошақтарды толық жою жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 17 шілде сағат 07:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 769 адам, 191 жерүсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылған.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, барлық қызметтердің үйлесімді әрі жедел әрекетінің нәтижесінде ашық жану ошақтары жойылған.
Сондай-ақ әуе техникасы арқылы өрт аумағына 219 рет су төгіліп, жалпы 474 тонна су жеткізілген.
«Барлық жұмылдырылған қызметтің үйлесімді әрі жедел іс-қимылының арқасында ашық жанып жатқан өрт ошағы жойылды, қазір бықсыған ошақтарды сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр», – деді Экология министрлігі өкілі.
Министрлік жағдайдың тұрақты бақылауда екенін, өртті толық оқшаулау және бықсыған жерлерді сөндіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.






