Қарасай ауданында 1200 орынды жаңа үш қабатты мектеп бой көтерді. Бұл туралы Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Әйтей ауылындағы мектептің ашылу салтанатына Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев қатысып, су жаңа сынып кабинеттерін аралап көрді.
Айта кетейік, Әйтей ауылындағы Б.Қосынов атындағы орта мектеп апатты жағдайда болуына байланысты 2018 жылы аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қолдауымен 3,5 гектар жер телімі бөлінген еді. Нәтижесінде, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 1200 орынға арналған білім ордасы бой көтерді. Аталмыш мектептің құрылысы толық аяқталып, әйтейлік оқушылар жаңа оқу жылын жаңа мектепте жалғастыратын болды.
Әйтей ауылында үш мыңнан астам тұрғын бар. Алматы қаласының іргесінде орналасқан, тұрғындар саны жылдан-жылға өсіп келе жатқан ауыл.
Бұдан бөлек, Алматы облысында тағы 15 мектептің құрылысы 2021 жылға жоспарланған.
— Облыста 17 орта мектептің құрылысы жүріп жатыр. Осы арқылы үш ауысымды мектептердің қатары азаяды деп отырмыз. Айта кету керек, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 11 мектеп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 6 мектептің құрылысы жүргізілуде, — деді Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова.
Қазіргі таңда Алматы облысында жалпы 32 білім ошағының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 23 мектеп, 1 спорт залын жапсарлас салу, 3 балабақшаны қайта жаңарту, 4 колледжге арналған жатақхана және 1 өнер мектебі бар.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





