Сапар барысында тілшілер қауымы «Дюсенбинов. А. К.» шаруа қожалығының, «Ким» шұжық цехының, «Гауһар» құс шаруашылығының және тағы да басқа бизнестік нысандардың жұмысымен танысты.
«Дюсенбинов А. К.» қожалығы аудандағы ірі ауылшаруашылық өнім өндірушілердің бірі. Бүгінде құрылым егін егумен қатар мал шаруашылығын да түлетіп отыр. Төрт түлік өсіруде ауданда алдына қара салмайды. Қазір қожалық көктемгі дала жұмысына қызу дайындыққа көшкен. Өткен жылы алған техникаларының май, суын тексеріп, ескіргендерін жаңалауда. Шыны керек, механизаторлар тынымсыз еңбек етуде. Себебі, олар «Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» тәмсілін санаға әбден тоқыған. Сонымен қатар тұқым қамдау, тыңайтқыштар алу сынды жұмыстарды атқаруда. Шаруашылық мамандары далада дүбір туындататын егін егу маусымына сақадай сай.
Ауылшаруашылық тауарларын өңдеуде «Ким» шұжық цехы өз беделін әбден қалыптастырған өндіріс орны. 20-дан аса тұрғынды жұмыспен қамтып отырған нысан бүгінде өнімнің бірнеше түрін шығарады. Қақталған ет, шұжық және құс етін облыс тұрғындары сүйсіне тұтынады. Бүгінде бұл цехтан шұжықтың 50-ден аса түрі, қақталған қой еті, шошқа еті және сүйегінен айырылған тауық еті дайындалады. Өндіріс орны мамандарының айтуынша, көпшіліктің сұрауымен қазақы бренд қазы да жасалуда. Қазір көпшілік құс етіне сұранысты арттырған. Нәтижесінде өндіріс орны облыстағы «Алель» АҚ, «Алатау-Құс» АҚ құс фабрикаларынан бройлер етін көп қабылдауда. Шұжық цехы өкілдері тұтынушыларды таза һәм сапалы өніммен қамту үшін дәл осындай мойындалған фабрикалармен байланыс орнатқан. Сонымен қатар мұндағылар тұтынушылар үшін сауда-саттық аясын кеңейтіп, еліміздің әр жерінен сауда нүктесін ашуды да орайластыруда.
Ауылшаруашылығы өркендеу үшін білікті мамандар аса қажет. Осы орайда Жастар ауылында орналасқан «Көксу» ауылшаруашылық колледжі сұранысқа сай маман даярлауға көшкен. Биыл 150 жылдық мерейлі мерекесін тойламақшы оқу орны қазірдің өзінде 497 студентті білім нәрімен сусындатуда. 5 мамандық бойынша білім алушылар облыс көлеміндегі шаруашылықтарда, зауыттарда өндірістік тәжірибеден де өтіп, ірі құрылымдардан алғыс та алып жүр. Дейтұрғанмен колледж биыл күзде «техник-электроник» және «сити-фермер» жаңа мамандықтары үшін студенттер қабылдамақ. Ол үшін оқу орны қазірдің өзінде база жасақтауға көшкен. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай ашылғалы отырған қос мамандық бойынша да ауданда кадр сұранысына қолайлы болмақ. Колледж басшылығы кәсіби жетілген мамандар даярлауға оқу орнының толық әлеуеті жететінін, оқытушы құрамның да жеткілікті екенін алға тартуда.
Мұнан кейін БАҚ өкілдері Қарабұлақ ауылында құс атаулыны кәсібіне арқау еткен «Гауһар» құс шаруашылығына ат басын бұрды. 200-ден астам құс өсіруші Роза Орақбаеваның кәсіп бастағанына көп бола қойған жоқ. Мемлекеттік қаржылық грантқа былтыр ғана қол жеткізген. Содан бері тауық, үйрек, қаз және үндік өсіруге шындап кіріскен. Кәсіпкердің айтуынша, қыс бойы ет бағытында өнім шығарыпты. Қазір бұл бағытты тоқтатқан. Себебі, нәзікжанды кәсіпкер құстардың санын көбейтуді ойлап отыр. Сол үшін жұмыртқа жинауда. Күн нұры жерге шуағын молынан шаша түсетін сәтте балапан өргізбек. Себебі, Роза Орақбаева үш инкубаторын сақадай сай даярлап қойған. Сонымен қатар кәсіпкер құс жұмыртқасын балапан шығарамын дегендерге де сатуды қолға алмақ. Қазірдің өзінде қаз тұқымындағы ең ірі тұқым саналатын губернаторлық су құсының жұмыртқасын 900 теңгеге бағалауда. Айтуынша, нарықтағы бағадан төмен болғасын жұрт жұмыртқаны талап алуда.
Ескелді ауданында ерінбегеннен етікшіге айналған Тілек Нағызхан есімді азамат тұрады. Қарабұлақ ауылындағы шағын цехында Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұтынушысы бар талапты азамат кәдімгі аяқкиім тігумен айналысады. Күніге 300-ге жуық жұп аяқкиім даярлайтын Тілектің жанында екі тігінші бар. Екеуі де Өзбекстан азаматы. Олар тек тігумен емес, Тілектің өнерін үйренуге келіпті. Айтуынша, арнайы сауда нүктесін ашпаса да, шағын цехта даярланған өнімді әлеуметтік желі арқылы сатып келеді. Себебі, етікші сапалы шикізатты Түркия мен өз елімізден алады.
Жалпы, Ескелді ауданындағы жаңашыл кәсіпкерлік нысандардың біршамасын ғана аралап, жұмысымен таныстық. Кәсібін дөңгеленткендер жайлы алдағы уақытта толығырақ ақпар береміз. Бастысы, шағын кәсіпкерлік бұл ауданда өрістеп келеді екен.
Дастанбек САДЫҚ
Ескелді ауданы





