Панфилов ауданындағы №273 сайлау учаскесі жұмысын бастаған алғашқы сағаттардан-ақ тіркеу үстелінің маңына біркелкі корпоративтік киім киген азаматтар жиналды. Олар – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының Құрғақ порты мен «Алтынкөл» шекаралық теміржол станциясының қызметкерлері.
Шығыс пен Батыс арасындағы жүк тасымалының үздіксіз жүруіне тікелей жауапты мамандар мәслихат депутаттығына үміткерлерге дауыс беру үшін ұжым болып келді. Олардың қатарында қатардағы операторлар мен ауысым шеберлерінен бастап, бөлім басшыларына дейін бар.
Пойыз құрамдары жасақталып, кедендік бақылаудан тәулік бойы өтетін стратегиялық көлік торабында әрбір жұмыс үдерісі нақты жоспарға бағынады. Мәслихат сайлауына қатысу контейнерлерді өңдеу қарқыны мен диспетчерлік кестеге әсер етпеуі үшін учаскедегі ұйымдастыру жұмыстары алдын ала пысықталған. Соның нәтижесінде қызметкерлер тіркеуден өтіп, бюллетеньдерді санаулы минуттарда алып, таңғы ауысымға уақытылы кірісуге мүмкіндік алды.
«Шекарадағы жұмыс бір сәтке де тоқтамайды. Сондықтан біз шекара маңы инфрақұрылымының дамуы мен экономикалық тұрақтылықтың жүк тасымалы көлеміне қаншалықты әсер ететінін жақсы түсінеміз. Сол себепті ұжым болып сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауымызды жасадық. Енді жұмысқа көтеріңкі көңіл күймен, жұмыла кірісеміз», – дейді «Алтынкөл» станциясының теміржолшылары.
Қазақстанның шығыс қақпасы арқылы күн сайын мыңдаған тонна транзиттік жүк өтеді. Сондықтан шекара маңындағы еңбек ұжымдары жергілікті өкілді биліктің қызметін аумақтың дамуы мен инфрақұрылым мәселелерімен тығыз байланыстырады. Арнайы экономикалық аймақ қызметкерлері мәслихат сайлауының жергілікті әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу мен маңызды көлік тораптарын дамытудағы рөлін атап өтті.
«Біздің кәсіпорын үшін мәслихат сайлауы – аудан мен облыс мүддесін қорғайтын, логистикалық кластердің дамуына және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға ықпал ететін азаматтарды қолдау мүмкіндігі. Біз өндірісте де, қоғамдық өмірде де бір команда болып әрекет етуге дағдыланғанбыз. Алдағы уақытта да терминалдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, еңбек тәртібін сақтап, кәсіби деңгейімізді жоғары ұстауға күш саламыз», – деп атап өтті «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА өкілдері.
Дауыс беру жәшігіне бюллетеньдерін салған мамандар терминалдар мен станция жолдарына қайта оралды. Құрлықаралық сауда бағыттарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етіп жүрген жандар үшін мәслихат депутаттарын сайлауға қатысу – кәсіби ұйымшылдық пен туған өлкенің болашағына деген азаматтық жауапкершіліктің заңды жалғасы.
«Жетісу-Ақпарат»






