Шерзат Болаттың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша ашық сот отырысы жалғасып жатыр. Іс материалдары бойынша тараптардың жарыссөзі кезеңінде мемлекеттік айыптаушы айыпталушыларға қатысты жаза мерзімдерін ұсынды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Прокуратура ұсынған жаза мерзімдері:
-
Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 293-бап 3-бөлігі (Бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу) бойынша 23 жыл бас бостандығынан айыру;
-
Равиль Сакиев – ҚК 293-бап 3-бөлігі, 99-бап 2-бөлігі, 24-бап 3-бөлігі бойынша 20 жыл;
-
Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бап 3-бөлігі, 188-бап (Ұрлық) бойынша 15 жыл;
-
Шыңғыс Белғожаев – ҚК 293-бап 3-бөлігі бойынша 7 жыл;
-
Дархан Аскентай – ҚК 293-бап 3-бөлігі бойынша 7 жыл;
-
Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бап 3-бөлігі бойынша 9 жыл;
-
Нұрбол Тоқтаубаев – ҚК 293-бап 3-бөлігі бойынша 7 жыл;
-
Дидар Қалиахмет – ҚК 293-бап 3-бөлігі бойынша 7 жыл;
-
Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай.
Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болаттың «тірі болуға лайық еді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған және халық арасында алаңдаушылық бар.
Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев қосымша екі куәгерді сотқа шақыру туралы өтініш білдірді.
Сот процесінде көліктегі дыбыстық жазбалар тыңдалып, айыпталушылардың арасындағы әңгімелер жария етілді. Сонымен қатар, Шыңғыс Белғожаевтың оң мінездемесі мен денсаулығына қатысты мәліметтер ұсынылды. Ал Дархан Аскентай сотта өз уәжін айтып, оқиғаның негізгі себебін түсіндірді.
Сот отырысында куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің жалған айғақ беруі мүмкін екені айтылып, оларға қатысты жеке қаулы шығару сұралды.
Марқұм Шерзат Болаттың әкесі сотталушылардың әрқайсысынан 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етті.