Тәуелділік синдромының басты ерекшелігі – есірткіні қабылдауға деген күшті ұмтылыс (патологиялық құштарлық), ол тек саналы ойлар мен тілек түрінде ғана емес, сондай-ақ есірткіні қолдануды бақылау қабілетінің төмендеуімен, синтетикалық есірткіні басқа әрекеттерден артық қоюмен және зиян немесе жағымсыз салдарға қарамастан оны тұрақты түрде қолданумен көрінеді.
Синтетикалық есірткіге деген құштарлық ұйқысыздықпен және мінез-құлықтың өзгеруімен – мазасыздық, агрессивтілік, көңіл-күйдің төмендеуі немесе енжарлықпен қатар жүреді.
Сонымен қатар, организмге синтетикалық есірткінің әсеріне төзімділіктің артуы және оны қолдануды тоқтатқанда немесе азайтқанда пайда болатын абстиненттік белгілер сияқты физиологиялық тәуелділік белгілері де байқалуы мүмкін.
Физикалық тәуелділіктің белгілері:
- Синтетикалық есірткіні қолдануға деген обсессивті ойлар (құштарлық, тәбет);
- Шамадан тыс ашуланшақтық
- Көңіл-күйдің төмендеуі;
- Ұйқы бұзылыстары;
- Синтетикалық есірткіні қабылдауды бақылауды жоғалту;
- Дозаның бастапқы мөлшерінен 2–3 есе артуы, өйткені бұрынғы дозалар эйфория сезімін тудырмайды;
- Соматикалық бұзылыстар (ауыз қуысы мен жұтқыншақтың шырышты қабығының күйіктері, бронх зақымдануынан болатын жөтел).
Егер синтетикалық есірткіні үздіксіз (күнделікті немесе аптасына бірнеше рет) бірнеше ай бойы қолдану орын алса, жоғарыда аталған белгілердің бәрі болмаса да, синтетикалық есірткіге тәуелділік синдромы диагнозын қоюға болады.
Синтетикалық есірткіні қолдануға байланысты бұзылыстарды ерте анықтау үшін клиникалық сұхбат, сауалнама, тесттер сияқты скринингтік зерттеулер жүргізілуі қажет.
Диагнозды растау және синтетикалық есірткіні қолданудан бас тартуды бақылау үшін химиялық-токсикологиялық әдістер қолданылады.
Синтетикалық каннабиноидтарға тәуелділік – бұл адам денсаулығына және психикалық жағдайына елеулі зиян келтіретін ауыр әрі қауіпті жағдай. Ол ұзақ уақыт қолдану нәтижесінде дамып, жеке тұлғаның өмір сапасын төмендетеді, мінез-құлқын өзгертеді және әлеуметтік бейімделуге кері әсер етеді.
Тәуелділіктің ерте кезеңінде скринингтік тексерістер жүргізіп, оны уақытында анықтау – аурудың асқынуын болдырмаудың және тиімді ем жүргізудің басты шарты болып табылады. Диагнозды нақтылау мен ем процесін бақылауда химико-токсикологиялық зерттеулер маңызды рөл атқарады.
Сондықтан да синтетикалық есірткінің зияны туралы қоғамда кеңінен ақпарат таратып, алдын алу шараларын күшейту қажет. Жасөспірімдер мен жастар арасында психоактивті заттарды қолданудың алдын алу – басты міндеттердің бірі болуы тиіс.
«Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ ШЖҚ «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны дәрігер наркологы Байшалова Ж.Е.