Тергеу изоляторларына электронды түрде арыз қабылдайтын терминалдар пайда болды. Оның біреуі Талдықорғандағы тергеу изоляторына орнатылды. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
Сотталушылар құрылғы тұрған жерге күзетшілердің бақылауымен барып, шағымдарын электронды түрде жібере алады. ЛА-155/16 тергеу изоляторында қойылған терминалда шағымдарды тікелей прокуратураға, сотқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және өзіндік қауіпсіздік бөлімшелеріне бірден жолдайтын батырмалар бар.
— Алматы облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ведомстволық бағынысты мекемелері прокуратурамен бірлесіп, сотталғандарға қолжетімді жерде түрлі мемлекеттік органдарға шағым, өтініш беру үшін терминал орнатты. Шағым мен өтінішті сотталғандар өздері ресімдейді. Олар өздерінің дербес деректерін енгізіп, оларды саусақ іздерімен растайды. Жыл соңына дейін барлық ведомстволық бағынысты мекемелерде осындай терминалдар орнату жоспарлануда, — деп атап өтті өңірлік қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





