Ақсу ауданы Жансүгіров ауылындағы колледж ұжымы маңызды саяси науқан қарсаңында ерекше шығармашылық тәсілді таңдап, көпшіліктің назарын аударды.
Ақсу агротехникалық колледжінің аспаз мамандығының өндірістік оқыту шеберлері мен студенттері бірегей жобаны жүзеге асырды. Олар өлшемі 3,5 × 1,5 метр болатын символикалық «Таңдау тортын» дайындап, жұртшылық назарына ұсынды. Аталмыш туынды тек аспаздық өнердің жетістігі ғана емес, сонымен бірге азаматтық белсенділіктің нышаны ретінде қабылданды. Тортты әзірлеуде Ақсу қант зауытының өнімдері пайдаланылып, жергілікті өндірістің сапасы мен маңызы кеңінен насихатталды. Іс-шараға жастар мен колледж ұжымы қатысып, тәтті дәмнен ауыз тиді. Шара барысында алдағы референдумның маңыздылығы айтылып, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстаным айқын көрініс тапты.
Колледждің өндірістік оқыту шебері Құралай Боранғалиқызы бастаманың мәнін былай деп түсіндірді: «Біз осы тортты дайындау арқылы елдегі маңызды бастаманы қолдағымыз келді. Әрбір азамат өз таңдауын жасап, ел болашағына үлес қосады деп сенеміз». Оның айтуынша, мұндай шаралар жастар арасындағы бірлік пен ортақ жауапкершілік сезімін нығайта түседі. Аталған бастама жастардың белсенділігін арттырып, қоғамдағы бірлікті айқындай түсті. Мұндай қоғамдық-саяси мәні бар іс-шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген демократиялық реформаларды қолдаудың өзіндік көрінісі.
Жергілікті жастардың бұл қадамы референдумға дайындық кезеңінде халықтың ауызбіршілігін көрсетті. Тәтті торт арқылы жеткізілген маңызды үндеу ауыл тұрғындары мен студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Осылайша, Ақсу ауданының тұрғындары ел өміріндегі тарихи сәттерге өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін тағы да дәлелдеді. Бірлік пен ынтымақ салтанат құрған жиын қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мағжан ШЫНДӘУЛЕТ
Ақсу ауданы





