Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды қадам жасалды. БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі Хьюберт Лор елімізде Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін (СРҰАЖ) енгізу туралы шешімді жоғары бағалады. Сарапшының пікірінше, бұл технологиялық жаңашылдық деректерді жүйелеп, су тапшылығы мен оны тиімді пайдалану мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
СРҰАЖ – жай ғана база емес, цифрлық экожүйе
Халықаралық сарапшы бұл жүйенің ерекшелігіне тоқталып, оның модульдік құрылымын атап өтті. Бұл ақпараттар ретсіз жиналатын қойма емес, керісінше әрбір бөлігі нақты міндетті орындайтын күрделі механизм.
«Бұл – қолда бар барлық дерек ретсіз жүктелетін жай ғана ауқымды жүйе емес. Жүйе бірнеше модульден тұрады, олардың әрқайсысы өзіне тән, жеке міндетті орындайды. Бұл нақты әрі қажетті деректерге назар аударуға мүмкіндік береді. Барлық модуль өзара байланысты, бірақ кездейсоқ емес, керісінше басқа модульдерге қажет ақпаратты ұсыну мақсатында біріктірілген. Бұл – СРҰАЖ-дың басты артықшылықтарының бірі. Осылайша, барлық модуль біріге отырып тұтас жүйе қалыптастырады және су ресурстарын басқаруға байланысты визуализациялау мен аналитикалық жұмыстарды қамтамасыз етеді», – деді Хьюберт Лор.
Жүйені іске қосу қашан жоспарланған?
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен әзірленген бұл платформа су ресурстарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жүйеге жерүсті және жерасты суына қатысты барлық мәлімет жинақталған. Бұл ақпараттар судың қорын дәл есептеп, оны ауыл шаруашылығы мен өндіріске дұрыс бөлуге көмектеседі.
Жоспар бойынша, СРҰАЖ өнеркәсіптік пайдалануға 2026 жылдың екінші жартысында толықтай енгізіледі. Бұл цифрландыру жобасы суды үнемдеу технологияларын енгізуге және су нысандарының жай-күйін онлайн бақылауға жол ашады.
Цифрлық шешімдер су саласындағы жемқорлық қаупін азайтып, әрбір текше метр судың қайда және қалай жұмсалып жатқанын анық көрсетеді. Бұл еліміздің экологиялық тұрақтылығы мен экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар бастама деп танылады.





