«ЕҢ ҮЗДІК АУЫЛ МЕКТЕБІ» атанған Көксу ауданына қарасты Жетіжал орта мектебінде 11-сыныпты 8 оқушы бітіреді. Оның төртеуі Алтын белгіге, біреуі Үздік аттестат иегеріне үміткер. Суретте мектеп мақтаныштары: Алтын белгі иегерлері – Жақан НҮРПЕЙІСОВ, Малика САТЫМБАЙ, Жаңар БЕЙСЕНӘЛІҚЫЗЫ, Бекнұр ДҮЙСЕН.
Сыңғырла, күміс қоңырау!
Даланы үнге бөлеген, бір жылдың көшін мен бүгін есейген қалпы шөгерем; тарыдай болып аттаған кешегі күнім артта қап, күміс үнмен ержетіп тұрқым озған төбеден.
Сыңғырла, сыңғыр қоңырау, даланы сазға бөлеген, шәкіртті екшеп-елеген, мектебім мынау – ақ ұям, күмістен болған керегем, алтын мекен – ардағым, адам ғып мені өсірген, тектілікке бастар төр екен, ертеңге тұрмын құлшынып, басталып думан-мерекем, білім алып, ізденіп – жанданам, қайта көгерем.
Сыңғырла, күміс қоңырау!
Маңайды сазға шалқытқан, жан жүйемді балқытқан, түлек қылып ұшырып, түу биікке қалқытқан. Арманым менің тым асқақ, өмір – айдын, мен – кеме, келемін жүзіп құлаштап, көкірегімді тербейді даланың керім күйлері, халқымның рухты жырлары, беймәлім маған әзірге өмірдің қыр мен сырлары, сезіледі дегенмен жайнақ күннің алдымнан аптыға күтіп тұрғаны.
Сыңғырла, күміс қоңырау!
Аумақты әсем күй қылып, білім алу – игілік, маңдайын нұрға сүйдіріп алғаш мектеп аттаған бүлдіршін ұл мен қыздарым, 1-сынып бітірді, көрсетіп қызық, қиғылық. Бастауышпен қоштасқан талай саңлақ қуанған, әр сыныптан аттаған бүлдіршіндер қолына аспан түстес Ту алған, жан дүниесін жауқазын білім деген бұлақтан мейірі қана суарған.
Сыңғырла, сыңғыр-сыңғырла! Соғылған соңғы қоңырау, толғандым сені жыр қыла, өмірдің мынау салмағы иығыма түсіп тұрды ма? Аттанам ертең қалаға, сәт сапар маған тіле де қоя бер ерік, ырқыма.
Сыңғырла, соңғы қоңырау!
Жазылсын жастық дастаны, біліммен биік еңсеріп, табанда қалсын ғылым мен ілімнің мұзды асқары! Жалында қазақ жастары, талаппен, білім, арманмен жарқырат елдің аспанын…
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





