Қаратал ауданының Бастөбе ауылында бой көтерген «Қазақ халқына мың алғыс!» мемориалды кешені өткеннің ауыр шындығын бүгінгі ұрпаққа үнсіз ұқтырып тұрған тағылымды орын. Бұл ескерткіш саяси қуғын-сүргін жылдары Қиыр Шығыстан Қазақстанға еріксіз жер аударылған кәріс ұлтының азаматтарына арналған.
Тағдыр тәлкегімен туған жерінен айырылып, жат мекенге жеткізілген халықты қазақ даласы жатсынған жоқ. Қайта құшағын ашып, бір үзім нанын бөлісіп, бауырына басты. Сондықтан бұл кешен кәріс халқының қасіретті тарихын ғана емес, қазақ халқының кеңдігі мен мейірімін, адамдық пен бауырмалдықтың биік үлгісін айғақтайды.
Біз тағылымы мол кешенге журналистік сапармен барғанымызда ескерткіш басына арнайы келген Қаратал ауданының тұрғыны Виктор Ивановичті кездестірдік. Ол ата-баба рухына тағзым етіп қана қоймай, өткен тарихты терең білетін көкірегі ояу азамат болып шықты. Кешен басында біз онымен зұлмат жылдардың зары, жер аударылған халықтардың тағдыры және қазақ жұртының бауырмалдығы жайында ой бөлістік.
– Бұл ескерткіш тек кәріс халқының ғана емес, барша Қазақстан халқының ортақ тарихын еске салатын қасиетті орын. 1937 жылы біздің ата-бабаларымыз туған жерінен еріксіз көшіріліп, қазақ даласына жеткізілді. Ол кезде қазақ халқының өзі де ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан еді. Соған қарамастан қазақтар жер аударылып келген жұртты жатсынбады, есігін ашты, нанын бөлісті, бауырына басты. Бүгінгі бейбіт өміріміз, ұрпағымыздың осы жерде еркін өсіп, білім алып, еңбек етіп жатқаны сол кеңпейіл қазақ халқының арқасы. Сондықтан біз үшін «Қазақ халқына мың алғыс!» деген сөз жай ғана атау емес, жүректен шыққан шынайы ризашылық. Бұл алғыс ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беруі керек, – деді Виктор Иванович.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1937 жылы сталиндік қуғын-сүргін саясаты кезінде Қиыр Шығыстағы кәрістер күштеп жер аударылды. Бұл нәубет 1937 жылғы 21 тамызда КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП(б) Орталық комитетінің «Кәріс тұрғындарды Қиыр Шығыстан жер аудару туралы» қаулысынан кейін басталды. Қазақстанға барлығы 90 эшелонмен 20 789 отбасы, шамамен 98 мың кәріс жеткізілді. Олар Оңтүстік Қазақстанға, Үштөбеге, Солтүстік Қазақстанға және өзге өңірлерге орналастырылды.
Қасіретті жылдары қазақ халқы жер аударылып келген жұртты жатсынбай, бауырына басты. Аштық пен жоқшылыққа қарамастан қолындағы нанын бөлісті. Сол адамдық пен бауырмалдықтың арқасында кәрістер қазақ жерінде тұрақтап, білім алып, еңбек етіп, Қазақстанның тең құқылы азаматтарына айналды.
Кешен жотаның баурайындағы зираттың іргесінен бой көтерген. Мұнда мәңгілік мекені Қазақстан топырағынан бұйырған кәріс азаматтарының рухы, депортация жылдарында жапа шеккен ұрпақ тағдыры және бүгінгі буынның бабаларын аман алып қалған қазақ халқына деген алғысы тоғысқан. Сондықтан бұл орын тұтас бір тағылымды кешенге айналған. Біз оны Қазақстан мен Корея арасындағы достықтың, тарихи жадының және кәріс халқының қазақ жұртына деген шынайы ризашылығының қасиетті белгісі ретінде қабылдадық.
Бастөбе ауылдық округінің бас маманы Ирина Цойдың айтуынша, бұл қасиетті орынға еліміздің әр өңірінен ғана емес, алыс-жақын шетелден де келушілер жиі ат басын бұрады. Сондықтан ауылдық округ тұрғындары кешен аумағының тазалығы мен күтіміне ерекше мән беріп, оны үнемі ретке келтіріп отырады. Мұнда ата-баба рухына тағзым етуге, тарихи жадыны жаңғыртуға арналған түрлі еске алу шаралары да тұрақты өткізіліп тұрады екен.
Қайтар жолда Қаратал аудандық өлкетану музейіне де арнайы бас сұқтық. Музей қорында депортация жылдарына қатысты көптеген құнды жәдігер сақталған. Әсіресе, бір залдың ашаршылық пен депортация тақырыбына арналуы көңілге ерекше әсер қалдырды. Онда еріксіз жер аударылған кәріс азаматтарының тағдырына қатысты деректер, архивтік мәліметтер, фотосуреттер мен тарихи құжаттар жинақталған.
Бұл залды аралаған адам өткеннің ауыр шындығын үнсіз сезінеді. Әрбір сурет, әрбір дерек туған жерінен айырылып, қазақ даласынан пана тапқан халықтың қасіреті мен қайратын қатар танытады. Сонымен бірге, бұл экспозиция қазақ халқының қиын кезеңде өзге жұртқа көрсеткен мейірімі мен бауырмалдығын да айқын аңғартады.
Кешегі қайғылы жылдар ел жадында ауыр кезең ретінде таңбаланып қалды. Алайда сол зұлматтың ішінде қазақ халқының кеңпейілділігі, адамдық болмысы мен бауырмалдығы айрықша көрінді. Жер аударылып келген жұртқа пана болған қазақ даласы ұлттар арасындағы береке-бірліктің, өзара құрмет пен татулықтың қасиетті мекеніне айналды. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл тарих ұмытылмас тағылым, ал қазақ халқына айтылар алғыс мәңгілік аманат болып қала береді.
Қ. ОМАРАҚЫН
Қаратал ауданы





