Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекіткені белгілі. Осыған сай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл әр салада үздік еңбек етіп жүрген жұмысшыларды марапаттады.
Ел Президенті жастарға ерінбей еңбек ету, адал азамат, еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау қоғамның басты міндеті деп атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасындағы еңбек өнімділігін ынталандыру, қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру, ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіндіру басты мақсат. Осыған байланысты Жетісу облысының орталығында 40 жылға жуық табанды еңбек етіп жүрген қарапайым қызметкерлерге сый-құрмет көрсетілді. Олардың қатарында денсаулық сақтау саласында 30 жылдан астам табанды еңбек еткен ақ халатты абзал жандар мен жасы 90-нан асқан Хуторная Надежда Тимофеевна есімді қарт әжей бар.
Жиналған қауым алдында сөз алған шаһар басшысы осы бір қарапайым да қажырлы жандардың елдің дамуы мен өңірдің өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлестерін жоғары бағалап, ізгі тілегін жеткізді.
– Президентіміз біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс екенін, өз кәсібін жан-жақты меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыратынын атап өткен болатын. Бүгінде сіздердің еңбектеріңіз ерен. Маңдай терлеріңізді төгіп, тынбай жұмыс жасап жүрген әрбіріңізге айрықша алғысымызды білдіреміз», – деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Сөз соңында қала әкімі үздіктерге арнайы Алғыс хат және «Мемлекеттік қызметші», «Адал қызметі мен еңбегі үшін», «Кәсіби шеберлігі үшін», «Талдықорған қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалін табыс етті.
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ НЕСІМЕН ЕРЕКЕШЕ
Жұмысшы мамандықтары санатына кімдер жатады?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше былтыр елімізде еңбекке қабылетті адам саны шамамен 9,6 млн адамды құраған. Соның ішінде 2 миллионға 300 мың бүгінде жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен.
Көлік және байланыс саласы: жүк көліктерінің жүргізушілер, автобус жүргізушілері, такси жүргізушілері, электровоз жүргізушілері, т.б.
Құрылыс және өндіріс саласы: құрылысшылар (монтаждаушылар, шеберлер, тас қалаушылар), дәнекерлеушілер, слесарлар, электриктер, жабдық операторлары, құрылыс бригадирлер, штукатурлар.
Қызмет көрсету саласы: сантехниктер, трубопроводшылар, қонақ үй қызметкерлері, кондитерлер, аспаздар, үй шаруашылығы қызметкерлері.
Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы: тракторшылар, шаруа қожалықтарының жұмысшылар, жер өңдеушілер, малшылар.
Өнеркәсіп және тау-кен саласы: кеншілер, теміршілер, металл өңдеушілер, шахталар мен кен орындарының жұмысшылары.
Балық шаруашылығы мен су транспорты: балық аулаушылар, су транспортының жұмысшылары.
Энергетика және коммуналдық қызметтер: электрмонтаждаушылар, жылу жүйелерін жөндеушілері, газ және су жүйелері жөндеушілері, электр қуатын өндірушілер мен тарату қызметкерлері, су және жылу энергетикасының оператормен жұмыс істейтін қызметкерлері.
Өндіріс және механика: автокөлік жөндеушілері (автослесарлар, автомобиль механиктері), құралдар мен станоктар операторлары, машинистер, металлургия және химиялық өндірістің жұмысшылары, машина жасау шеберлері.
Тамақ өнеркәсібі және аграрлық сала: ет, сүт, ұн өндірісінің жұмысшылары, кондитерлер, өсімдік өсірушілер, мал дәрігерлері.
Сауда қызметкерлері: сатушылар, кассирлер, дүкен қызметкерлері, курьерлер жатады.
Қандай жобалар мен іс-шаралар қолға алынады?
Жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
«Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады.
Іс шаралар жоспарында:
- Жаңа мамандықтар Атласын дайындау;
- Кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын іске асыру;
- Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау;
- Кәсіби білікті кадрлар даярлау;
- Сапалы жұмыс орындарын құру;
- Жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау;
- Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету бойынша шаралар қарастырылған. т.б.
Қандай марапаттар беріледі?
Жұмысшы мамандықтары жылындағы тағы бір жаңалық еңбек адамдарына көрсетілетін марапаттар болмақ. «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты наградалармен марапатталады.
Айдын КӘЛІМХАН