Бүгінге дейін Жетісу облысының орталығында жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық аумаққа түнгі жарық желісі тартылып, жоспардағы 640 көшенің 420-сы толық жарықтандырылған.
Мамандардың мәліметінше, Талдықорған қаласын түнгі жарық шамдарымен қамту ісі жалғасуда. Сонымен қатар қазір қала аумағындағы саяжайлар мен жаңа бой көтеріп жатқан шағын аудандарға түнгі жарық шамдар орнату жұмыстары да қарқынды. Мәселен, биылғы жылы тағы 5 жобаға қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 111 шақырымнан астам аумаққа яғни 213 учаскеге жарық шамдар орнатылмақ. Осылайша қаланың «Хутор», «Батыс», «Шығыс» тұрғын үй аудандарымен қатар, Қаратал, Мерекелік, Ключи, Ащыбұлақ, Достық, Алмалы, Агропромышленник, Балықты және Шайқорған сынды 10 саяжай орталықтандырылған түнгі жарық жүйесіне қосылмақ.
– Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің тапсырмасына сәйкес қала аумағында түнгі жарыққа қосылмай қалған көшелерді жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынуда. Мәселен, өткен жылы қалаға қарасты 3-бөлімшеге 630 жарық шамдары орнатылып, толық жарықтандырылса, шаһардың «Оңтүстік-Батыс» тұрғын үй алабындағы Еңбекші және Жетіген көшелерінде басталған түнгі жарық тарту жұмыстары жыл соңына қарай аяқталған болатын. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын табуда», –дейді сала мамандары.





