Бүгінде Жетісу облысының орталығында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында күзгі тазалық іс-шаралары жалғасуда. Осыған сәйкес ұйымдастырылған сенбілікте шаһардағы Оңтүстік-батыс тұрғын алабында 700 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Сала жауаптыларының сөзінше, аталған тазалық шарасына қала тұрғындары, жастар, еріктілер және басқа да саланың жетекші мамандары қатысқан. Олар қажетті құрал-саймандармен және техникалармен толық қамтылған. Бұдан бөлек, қазіргі кезде Талдықорған қаласы бойынша санитарлық мақсатта ағаштарды кесу, арық желілерін тазарту, жол жиектері, саябақтар мен аялдамаларды ретке келтіру, сондай-ақ басқа да аумақтарды күл-қоқыстан толық тазарту жұмыстары атқарылуда. Оған негізінен қаладағы 900-ден астам жұмысшысы бар 8 кәсіпорын жауапты.
– Тазалық – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Біз барлығымыз бірлесе әрекет етсек, қаламызды таза әрі көрікті ете аламыз. Бұл бағыттағы жұмыстар бір реттік шара емес, жүйелі түрде жүргізілуде. Алдағы уақытта да сенбіліктер мен экологиялық акциялар кең ауқымда ұйымдастырылып, әрбір азаматтың белсенді қатысуына жағдай жасалады, – деді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.
Қуаныш Бақытұлының айтуынша, бұл бастама қаланы көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы экологиялық орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда. Жалпы, аталған аумақта биылғы күзде 1 800 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл реткі сенбілік шарасында алғашқы 700 түп ағаш егілсе, қалған көшеттерді отырғызу жұмыстары алдағы уақытта кезең-кезеңімен жалғасады. Барлық ағаштар өңірдің ауа райына бейімделген. Әрі оларды арнайы күтіп-баптау мен суару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Айдын КӘЛІМХАН






