Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, қазір шаһарда гүл егу жұмыстары жалғасуда. Көздің жауын алатын, өсімталдығы жоғары, сан алуан түсті бұл гүл шоқтары негізінен саябақтар, скверлер мен жол жиектеріне және ескерткіштер маңына егілуде. Сонымен бірге биыл өңірдің климатына сай шырша, қарағай секілді қылқан жапырақты 12 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарда. Оның 2 мың түбі көктемде, 10 мыңын күз айларында егу қарастырылған. Қазір облыс орталығында шаһар тазалығына 1000-ға жуық жұмысшысы бар 8 кәсіпорын жауапты. Бұдан бөлек мұндай жұмыстарға қала тұрғындары, еріктілер және әр саланың жетекші мамандары да үнемі атсалысып келеді.
– «Биыл қала аумағына гүл егу жұмыстарын өткен жылмен салыстарғанда ерте басталды. Қазіргі таңда саябақтар мен скверлерді гүлдендіру жұмыстары аяқталуға жақын. Енді жол жиектеріне де гүлдер егіле бастады. Өткен жылы қала аумағына 77 мың дана гүл шоқтары егілсе, биыл 80 мыңнан астам гүл егуді жоспарлап отырмыз», — деді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков.
Сала маманандарының сөзінше, қазір шаһарда гүл егумен қатар қала аумағын абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Атап айтқанда, онда ағаштарды ретке келтіру, жол жиектеріндегі қоршауларды сырлау және арық жүйелерін қоқыстардан тазарту сияқты жұмыстар басты күн тәртібінде.
Айдын КӘЛІМХАН





