Алдымен шаһардағы Құдайбердиев, одан соң Біржан сал көшесіне ат басын тіреген Ернат Дүйсенбекұлы ондағы жарықтандырылу ісімен танысып, атқарылып жатқан әр жұмысты сапалы әрі уақытылы орындау керектігін ескертті. Қала басшысының сөзінше, биыл облыс орталығын жарықтандыру бойынша 5 жоба қолға алынған. Оның аясында 111 шақырымнан асатын 212 учаскеге желі тартылып, 3865 жарық бағанасы мен шамдар орнатылмақ. Осылайша қаланың «Шығыс», «Батыс», «Хутор» шағын аудандары мен орталық бөлігі және 12 саяжайдың басты көшелері тегіс жарықтандырылмақ.
– Қазір Талдықорған қаласы бойынша 640 көше бар. Осыған дейін оның 420 көшесі жарықтандырылып, қалпына келтіру деңгейі 65 пайызға жеткен. Ал жарық шамдарының жалпы саны 17700-ден асады. Оның 12 588-і диодты шам болса, 859-ы жай шырақ және 4255-і торшерлік шам. Жалпы жарық желілерінің ұзындығы 540 шақырымға жуық. Осыған сай биылғы жылы қолға алынған жобалар бойынша қала аумағындағы жарық шамдарын жаңарту мен желілерді жөндеу ісі қарқынды жүргізілуде. Бұл өз кезегінде аймақтағы барлық тұтынушыларға сапалы әрі сенімді электр қуатын беруге мол мүмкіндік береді,– деді шаһар басшысы.
Осы орайда қала әкімі Еркін ауылындағы тұқымбағына да арайы барып ондағы өсімдіктердің бағып бапталу барысымен танысты. Қазіргі таңда бақта ағаш көшеттерін отырғызу, суару және аумақты ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Аталған тұқымбағында қазір үйеңкі, аққайың, қарағаш және басқа да ағаш түрлері өсірілуде.
Еске сала кетсек, бүгінде қала тазалығы мен абаттандару ісі басты назарда. Атап айтқанда, аймақтағы ағаштарды ретке келтіру, жол жиектеріндегі қоршауларды сырлау және арық жүйелерін қоқыстардан тазарту сияқты жұмыстар әлі де жалғасуда. Сонымен қатар биыл қала аумағына 12 мың түп ағаш көшеті, 80 мың дана гүл шоқтарын егу жоспарланған.
Айдын КӘЛІМХАН