Сала мамандарының мәліметінше, «2022–2025 жылдарға арналған Реновация» бағдарламасы аясында 2022 жылы қала бойынша 19 үй, яғни 125 пәтер апатты деп танылған. Осыдан кейін аталған бағдарлама шеңберінде апатты үйлерде тұрып келген 100 отбасына екінші нарықтағы тұрғын үйлер сатып әперілген болатын. Биыл ескі баспанада тұрып келген 20 отбасыға жаңа пәтер беру жоспарланған. Олардың бесеуі қыркүйек айында Қала күніне орай баспаналы болса, енді, міне, Республика күні қарсаңында тағы алты отбасы қоныс тойын тойлауда. Қалған тоғыз отбасы жыл соңына дейін жаңа пәтермен қамтамасыз етілмек.
Мерекеге орай жаңа баспана кілтін табыстау салтанатында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Дүйсенбекұлы аталған алты отбасының тұрғындарын жүрекжарды қуаныштарымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Бұған дейін апатты деп танылған баспаналарда тұратын тұрғындарға тек екінші нарықтағы тұрғын үйлер ғана беріліп келген болатын. Енді облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес, апатты баспанада тұратын азаматтарға бұдан былай жаңа пәтерлер берілетін болады. Қоныстарыңыз құтты, босағаларыңыз берік болсын, – деді шаһар басшысы.
Қала әкімінің сөзінше, мұндай игілікті іс бұдан былай да жалғасын тауып, келер жылы аталмыш бағдарлама аясында апатты деп танылған баспаналарда тұратын 30 отбасыға жаңа пәтер берілмек.
Айдын КӘЛІМХАН





