Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жетісу облысы Полиция департаменті Әкімшілік практика басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Еркебұлан Досымбеков баяндама жасап, өңірде жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйесін кеңейту барысын баяндады. Инспектор цифрлық технологиялардың қауіпсіздікке тигізер пайдасын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Бүгінгі таңда облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында 137 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Жалпы есеппен 584 бейнебақылау камерасы жол қозғалысын тәулік бойы бақылауда ұстап тұр.
Өңірде орнатылған техникалық құралдардың әрқайсысы өзіндік ерекшелікке ие. Атап айтсақ:
- «Сергек» жүйесі тұрақты бекеттерге қойылып, жылдамдықты асыруды, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтуді, жол таңбаларын сақтамауды, қауіпсіздік белдігін тақпауды және рульде телефонмен сөйлесуді анықтайды. Кешен құрамына жақында 63 жаңа камера қосылып, жалпы саны 279-ға жетті.
- «МЕРГЕН» жүйесі автожолдардағы транспорт тасқынын бақылап, белгіленген жылдамдық режимінің сақталуын қадағалайды. Оның 34 кешені мен 220 камерасы бар.
- «VIDAR SPEED-R» (22 кешен, 32 камера) және «ZEREK-2» (2 кешен, 8 камера) жүйелері де жылдамдық талаптарын сақтауды тексеруге бағытталған.
- «Ekin BOX SPOTTER» стационарлық бекеттері 45 кешенмен қамтылған.
- «Ekin Patrol G2» патрульдік автокөліктерге орнатылып, қозғалыс барысында мемлекеттік нөмірлерді таниды, іздеудегі көліктерді бірден әшкерелейді.
Жаңадан енгізілген цифрлық бақылау құралдары адам факторын толығымен жояды. Тіркеу процесі автоматты түрде жүретіндіктен, ереже бұзушылық еш бұрмалаусыз, нақты уақыт режимінде базаға түседі.
Оның артықшылығы тұрақты және мобильді кешендердің бір-бірін толықтырып отыруында. Стационарлық камералар белгілі бір қауіпті учаскелерді қамтыса, патрульдік көліктегі мобильді құрылғылар жол үстіндегі кез келген тәртіпсіздікті дер кезінде белгілейді. Осылайша өңірде тұтас қауіпсіздік кеңістігі қалыптасты.
Брифинг барысында Еркебұлан Досымбеков полиция жұмысының басты мақсатына тоқталды.
«Біздің басты мақсатымыз – әкімшілік айыппұлдар санын көбейту емес, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен жауапкершілігін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау», – деді аға инспектор.
Сонымен қатар спикер заңнамалық талаптарға басымдық беріп, жауапкершілікті де еске салды:
«Аталған құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 591, 592, 593, 597, 599, 600 және 601-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке жатады. Әрбір құқық бұзушылықтың сипатына қарай тиісті баптың нақты бөлігі қолданылады. Автоматты тіркеу жүйелері анықтаған материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қаралып, әкімшілік шешім қабылданады».
Жүргізушілер үшін заң талаптары да айқын: жылдамдықты асырмау (592-бап, 5–40 АЕК), бағдаршамның тыйым салған сигналына өтпеу (599-бап, 10 АЕК – 43 250 тг), рульде телефон қолданбау (591-бап, 5 АЕК – 21 625 тг), қауіпсіздік белдігін тағу (593-бап, 5 АЕК – 21 625 тг).
Жол қауіпсіздігін нығайту тек камералармен шектелмейді. Полиция департаменті жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін заманауи бастамаларды қолға алды.
Атап айтқанда, Талдықорған қаласында 9 бекетте «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату жоспарланған. Жаңа өткелдер арнайы жарықтандырумен, интеллектуалды ескерту белгілерімен жабдықталады. Адам өтіп бара жатқанда жүйе автокөлік жүргізушілерінің назарын аударып, қозғалысты автоматты түрде реттеуге мүмкіндік береді. Тұрғындар үшін осындай инфрақұрылым жолды қауіпсіз өтуге кепілдік береді.
Брифинг соңында спикер Жетісу өңірінің тұрғындары мен қонақтарына арнайы үндеу тастады.
«Барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіздік белдігін тағуға, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланбауға, жылдамдық режимін сақтауға және жаяу жүргіншілерге құрметпен қарауға шақырамыз», – деп қорытындылады сөзін Еркебұлан Досымбеков.
Мәулен Әнербай





