Әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың банктік депозиттері бойынша алатын сыйақысына салық енгізіледі деген ақпарат таралуда. Алайда бұл мәлімет шындыққа жанаспайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, бұған дейін ресми түсіндірме берілгеніне қарамастан, әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа қатысты жалған ақпарат пен түрлі манипуляциялар әлі де жарияланып жатыр.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, Үкіметте жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақыға салық енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
«Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың банктік салымдары (депозиттері) бойынша алатын сыйақысына жеке табыс салығы салынбайды», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Осылайша, депозит бойынша түсетін сыйақыға салық салынады деген мәлімдемелердің заңнамалық негізі жоқ.
Сонымен қатар, заңда көзделген белгілер болған жағдайда, көрінеу жалған ақпаратты қасақана тарату әрекеттеріне белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілуі мүмкін.
Орталық азаматтарды әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты ақпаратты таратқанда жауапкершілік танытуға шақырады. Өйткені расталмаған мәліметтер қоғамда негізсіз алаңдаушылық пен әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін.
Мамандар ақпаратты бөліспес бұрын оның анықтығын ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді.





