Аталған жарысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Жетісу облысы әкімдігі және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен бәйге федерациясы ұйымдастырған.
Ат сүйер қауым мен бірге спорт саласының басшылары қатысқан жарысты ашу салтанатында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жалпы үміткерлерге сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді. Осы орайда шаһар басшысы ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, мәдени мұраны жас ұрпаққа жеткізудің мңызы зор екенін еске салды. Сондай-ақ, ол аймақта ұлттық спорт түрлерінің жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өтті.
– Ұлттық спортты кеңінен дәріптеп, бабалар рухын ұлықтайтын бұл дәстүрдің қашан да орны ерекше. Қатысушылардың дайындығы да жоғары деңгейде екендігі анық. Бір қуантарлығы жастар арасында ат спорты түрлеріне қызығушылықтың жылдан жылға артып келе жатқаны анық байқалады. Барлықтарыңызға тек жеңіс тілеймін,– деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Бұл жолғы көрермен қауымның делебесін қоздырып, тартымды да тамаша өткен дүбірлі жарысқа еліміздің ар аймағынан келген 120-ға жуық сайгүлік қатысты. Олар 5 шақырымдық «Ұшқыр», 7 шақырымға «Құнан», 12 шақырымға «Топ бәйге», 18 шақырымға «Аламан», 27 шақырым қашықтықта «Ұлы аламан» болып бес кезең бойынша бақ сынады. Сонымен әр айналымда шашасына шаң жұқтырмай қара үзіп шыққан жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша «Ұшқыр бәйгеде» І орын жүлдесін Алматы қаласынан келген Рамазан Күрішбек еншілесе, «Құнан» бәйге бойынша І орынды Алматы облысының шабандозы Айсұлтан Саматұлы жеңіп алды. Ал 12 шақырымдық «Топ бәйге» жүлдесін Павлодар облысынан келген Ұлан Оралхан қанжығаласа, «Аламан бәйгеде» тұлпары жалғыз қара болып топ жарған Алишер Тілек бірінші орын иегері атанды. Сонымен бірге, сайгүлігі 27 шақырымда шашасына шаң жұқтырмаған «Ұлы аламан бәйгесінің» жүлдесі Жамбыл облысының тұрғыны Мейір Дәулетбайға бұйырды.
Еске сала кетейік, аталмыш бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалы 2025 жылдың күзінде өтеді деп жоспарланған. Финалдық кезеңіне елдің үздік шабандоздары мен нағыз жүйріктері жиналмақ.
Айдын КӘЛІМХАН