17 мамыр күні сағат 15:53 шамасында Талдықорған қаласында жеке тұрғын үйдің шатыры өртенді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қатты желдің салдарынан қызыл жалын көрші орналасқан тұрғын үйдің шатырына да таралған.
Оқиға орнына Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жедел түрде жетті. Құтқарушылар өртті сөндіру барысында қауіпсіздік мақсатында бір 27 литрлік және екі 50 литрлік газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді.
Өрт сағат 16:22-де оқшауланып, 16:35-те толықтай сөндірілді. Тілсіз жау жалпы аумағы 270 шаршы метрді шарпыған. Зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Өртті ауыздықтауға ТЖД-ның 25 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.





