Талдықорған қаласындағы №15 орта мектепте жоғары сынып оқушыларына арналған «Ерлік сабағы» өткізілді. Тағылымды іс-шара Жетісу гарнизонына қарасты 54380 әскери бөлімі мен №15 орта мектеп ұжымының бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
Тәрбиелік мәні зор кездесуге Ауған соғысының ардагерлері, әскери бөлімнің жеке құрамы және мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбаздар қатысты. Іс-шара барысында қонақтар оқушылармен еркін форматта сұхбат жүргізіп, әскери қызметтің маңыздылығы мен ерекшеліктері туралы жан-жақты әңгімеледі.
Кездесу барысында ардагерлер өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, Отан алдындағы борышты өтеудің жауапкершілігі мен абыройы жайында айтып өтті. Сондай-ақ әскери қызметтің тәртіпке баулып, төзімділік пен патриоттық рухты қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Әскери қызметшілер оқушыларды болашақта ел қорғауға дайын болуға шақырып, Қарулы Күштер қатарында қызмет етудің мәртебелі міндет екенін жеткізді. Өз кезегінде оқушылар қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақтыжауаптар алды.
Іс-шара соңында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дәулет Құмаров 54380 әскери бөлімінің басшылығына және іс-шараға қатысқан ардагерлер мен әскери қызметшілерге алғыс білдірді.
Осындай тағылымды кездесулерді ұйымдастырып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге үлес қосқандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – оқушылар үшін үлкен өнеге мен өмірлік тәжірибе, – деді ол.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі





