Шаһардағы Салтанат сарайында өткен басқосуда Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жалпы құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар мамандарды Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады. Осы орайда 41 жыл бойы құрылыста еңбек етіп, өз үлесін Қанат Жұлыновқа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрметті құрылысшысы» төсбелгісі табысталды.
– Бүгінде облыс орталығы Талдықорған қаласында салынып жатқан құрылыс нысандары көп. Олардың артында ауыр техникалармен қатар, қарапайым жұмысшылардың табанды еңбегі жатыр. Осының арқасында әсем қаламыз жыл санап тың қарқында дамып келеді. Бұл үрдісті жыл сайын бәсеңдетпей, құрылыс саласына ерекше мән беріп, халық игілігіне бағытталған жобаларды сәтімен жүзеге асыру, – деді Ернат Дүйсенбекұлы.
Салаға жауаптылардың сөзінше, бүгінде Талдықорған қаласында көптеген нысандар салынып, іргетасы қалануда. Атап айтқанда, олардың қатарында қаладағы көркем гимнастикаға арналған спорт кешені, Еркін ауылындағы 150 орынды мәдениет үйі, 16 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, 300 орынды «Білім-инновация» лицейінің жаңа ғимараты бар. Сондай-ақ, аймақтады «Береке» коттедж қалашығындағы 107 коттеджді қайта қалпына келтіру жұмыстары және «Оңтүстік-Батыс» ауданындағы кварталдық қазандықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Жетісу облысының орталығында 47,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның басым бөлігі несиелік және жалдамалы баспаналар. Ал, аймақтағы 2025 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығындағы құрылыс саласы бойынша өсім қарқыны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 137,1 пайызға жоғарлаған.
Айдын КӘЛІМХАН





