Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлері құрамындағы 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының жас сарбаздарын Әскери Антқа келтіру рәсімі салтанатты түрде өтті. Елдің 11 облысынан шақырылған 500-ден астам жас сарбаз Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқаруға ант берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Салтанатты іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары мен жақындары арнайы келіп, жас жауынгерлердің маңызды сәтіне куә болды. Әскери бөлім аумағында өткен рәсім жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күйге ұласты.
Ант қабылдау рәсімінде сөз сөйлеген десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Ұлан Нұрғазиев жас сарбаздарды маңызды қадамдарымен құттықтап, әскери қызметтің жауапкершілігі мен Отан қорғаудың қасиетті міндет екенін атап өтті.
Жас сарбаздар бұл салтанатты күнге бір айдан астам уақыт бойы дайындалған. Дайындық барысында саптық жүріс, әскери тәртіп және жауынгерлік машықтар пысықталды. Нәтижесінде салтанатты рәсім жоғары деңгейде өтіп, көпшілік көңілінен шықты.
– Бүгін мен үшін ерекше әрі ұмытылмас күн болды. Әскери Ант қабылдау – әрбір азаматтың Отан алдындағы үлкен жауапкершілігін сезінетін маңызды сәті. Біз бұл күнге ұзақ уақыт дайындалдық. Енді елімізге адал қызмет етіп, сенімді сарбаз болуға бар күшімізді саламыз, – дейді жас сарбаз қатардағы жауынгер Дулат Бәкір.
Іс-шара барысында десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлері түрлі әскери-көрсетілімдер ұсынып, қоян-қолтық ұрыс элементтері мен қару қолдану тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар жас сарбаздар патриоттық әндер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Әскери Ант қабылдау рәсімі жас жауынгерлердің әскери өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болып саналады. Бұл күн олардың ел қауіпсіздігін қорғауға бағытталған жауапты жолдағы алғашқы маңызды қадамы ретінде есте қалды.





