Талдықорғанда 30 сәуір күні жоғалып кеткен 10 жасар бала аман-есен табылып, іздеу шаралары аяқталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Баланың жоғалғаны туралы полицияға оның анасы хабарлаған. Анасының айтуынша, ұлы таңғы сағат 08:30 шамасында үйден өкпелеп шығып кетіп, қайта оралмаған. Алғашында анасы баласы өздігінен қайтып келеді деп ойлаған. Алайда сағат 11:00-ге дейін одан хабар болмаған соң, полициядан көмек сұраған.
Осыдан кейін өңірде ауқымды іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Іздеу жұмыстарына кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция қызметкерлері, криминалдық полиция және департаменттің жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары тексеріліп, баланың жүруі мүмкін бағыттар, аулалар мен қоғамдық орындар толық қаралды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде екі тәуліктен кейін баланың орналасқан жері анықталды. Ол аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта баламен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, баланың үйден кетуіне отбасындағы тұрмыстық жанжал себеп болған. Оның осы уақыт аралығында нақты қайда болғаны анықталып жатыр.
– Мұндай жағдайлар көбіне баланың ішкі сезіміне байланысты болады. Тіпті бір қарағанда елеусіз көрінген кикілжіңнің өзін бала тым ауыр қабылдауы мүмкін. Сондықтан баланың мінез-құлқына дер кезінде назар аударып, олармен жақын қарым-қатынаста болу маңызды, – деп түсіндірді ведомстводан.





