Қазақстанда сотталған азаматтардан заңсыз тапқан табыс ретінде алынған цифрлық активтер бұдан былай мемлекеттің стратегиялық крипторезервінің негізін құрайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Парламент Сенатының кулуарында мәлімдегендей, қылмыстық істерді тергеу барысында құқық қорғау органдары криптовалюта мен өзге де цифрлық активтерді жиі тәркілей бастаған. Алайда, оларды әрі қарай сақтау, есепке алу және басқару мәселесі осы уақытқа дейін реттелмей келді. Қазіргі таңда сотталған азаматтардан алынған заңсыз виртуалды қаражаттар шетелдік түрлі «салқын әмияндарда» сақталып отыр, яғни олар заңдық тұрғыдан тиісті деңгейде қорғалмаған. Құқық қорғау құрылымдарының мұндай өзекті активтерді кәсіби басқаруға мүмкіндігі мен құзыреті жетіспейтіндіктен, оларды арнайы құрылған ұлттық стратегиялық криптоқорға беру туралы шешім қабылданды.
Түсіндіре кететін жайт, криптовалюта (виртуалды ақша) мен крипторезерв жүйесі заманауи экономиканың жаңа бағыты. Ендігі кезекте Ұлттық банк Бас прокуратурамен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, тәркіленген дүниелерді мемлекетке заңды түрде өткізу тетіктерін пысықтап жатыр. Айта кетерлігі, бұл қаражаттарды қауіпсіз сақтауға арналған отандық инфрақұрылым дайын. Ол Ұлттық инвестициялық корпорация мен Орталық депозитарий базасында тікелей қызмет атқарады. Осылайша, елімізде дербес криптохранилище, яғни егеменді сақтау қоймасы құрылып, активтер толығымен отандық юрисдикцияда болады. Нәтижесінде, оларға үшінші елдердің заңдық наразылық білдіру немесе тартып алу қаупі төнбейді.
Ұлттық стратегиялық крипторезерв Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылып, жақында заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Жаңа жоспар бойынша оның мақсатты көлемі 1 млрд доллар деңгейін құрауы тиіс. Бұл қадам Қазақстанның әлемдік цифрлық нарықтағы орнын нығайтып, экономикалық тұрақтылықты арттыруға септігін тигізеді. Мамандардың пікірінше, заңсыз айналымнан алынған блокчейн активтерін мемлекет игілігіне жарату – қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең озық тәсілі. Құрметті оқырман, сіз мемлекеттің өз крипторезервін құруын және виртуалды активтерді ел ішінде сақтауын қолдайсыз ба? Төменде өз пікіріңізді қалдырыңыз!





