Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жас спортшылар мен адам жанын ажалдан арашалаған қала азаматтарымен жүздесті.
Шарада Әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2024 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әмбебап жекпе-жектен ерлер арасында Азия чемпионатының жеңімпазы Дамир Жақсыгельдинов пен бапкерлеріне Алғыс хат пен бағалы сыйлық табысталды. Сонымен қатар жас спортшы деп танылған 5 жасар Мансұр Жұмабек те марапатталды. Ол бүгінде «Жетісу» футбол орталығының жас ойыншысы.
Адам жанына араша түсіп, ерлік көрсеткенТалдықорған қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының инспекторыСанат Серікқалиұлы және №5514 әскери бөлімінің қызметкері Әлішер Асылбеков, 125 ҰБТ мектебінің 11-сынып оқушысы Жасұлан Тоқтарбек пен №8 мектептің 10-сынып оқушысы Арби Шаймерден суға батқан қала тұрғындарына қол ұшын созған. Олардың батыл әрекеттері бірнеше адамның өмірін сақтап қалды.
Ал 5-сынып оқушысы Мейіржан Есенұлы, 8-сынып оқушысы Бекжан Барманбеков, 9-сынып оқушысы Диас Әділхан, 6-сынып оқушылары Ерасыл мен Нұрасыл Тұрсынбір отбасын өрттен аман алып қалғандары үшін марапатталды.
«Адам өміріне араша түсіп, оған бей-жай қарамай өз өмірін қауіп-қатерге салып, азаматтық танытып жүрген жандардың игі істері әрқашанда құрметке лайық.
Осылай ерлік көрсеткен батыр балаларымыздың ата-аналары сіздердің саналы ұрпақты тәрбиелеудегі үлестеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Бейбіт күнде көк туымыз желбіреп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!»— деп қала әкімі Ернат Бәзіл есімі аталған барша азаматқа алғысын білдірді.
Г. ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
Студент