Бүгінде шетелдік инвесторлар қазақстандық қант саласына қызығушылық танытып отыр.
Елімізде қант өнеркәсібі белсенді дамып келеді, әсіресе Жетісу облысында серпінді өзгерістер байқалуда. Мұнда соңғы жылдары қант қызылшасын қайта өңдеу қуаттарын жаңғырту және кеңейту жөніндегі ірі жобалар іске асырылып жатыр. Яғни, бұл елдің азық-түлік тәуелсіздігінің деңгейін айтарлықтай арттыруы тиіс.
Өңірдің негізгі кәсіпорындарының бірі Ақсу қант зауыты. Зауыт былтырғы күрделі жөндеуден кейін жылына 450 мың тонна қант өңдей алатындай толық қуатқа шықты. Бұл ішкі нарықты тұрақтандыруға ғана емес, қосымша жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік берді. Тағы бір маңызды нысан – Көксу қант зауыты.
Биыл оның өндірістік қуаты 250-ден 500 мың тоннаға дейін ұлғаяды деп күіліп отыр. Кәсіпорынды қайта құруға және жаңғыртуға бағытталған жеке инвестициялар көлемі 29 миллиард теңгені құрайды. Ағымдағы жылы қайта өңдеу қуаттылығы тәулігіне 1,7 мың тоннадан 2,2 мың тоннаға дейін өсті.
Бүгінгі таңда аймақта ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу деңгейі 68% -ға жетті. Оның ішінде қызылша көлемінің 100%, жүгері – 45,4%, сүт – 47%, майлы дақылдар – 33%, ал дәнді дақылдар – 22,8%-ы толық өңделеді. Бұл көрсеткіштер аграрлық сектордың үдемелі дамуын, сондай-ақ, қайта өңдеу өнеркәсібінің тиімділігін арттыруды айғақтайды.
Әлемде қант өндірісі шамамен 110 елде шоғырланған, алайда 80% -ға жуығы қант қамысын өңдеуге тиесілі. Негізгі тұтыну нарықтары Үндістан, Еуропалық одақ елдері, Қытай, Бразилия, АҚШ, Индонезия, Ресей, Пәкістан, Мексика және Египет. Бүгінде елмізде төрт қант зауыты жұмыс істейді. Олар Ақсу, Көксу, Меркі және Тараз қант зауыттары. Бұл ретте олардың үшеуі негізінен Жамбыл мен Жетісу облыстарында өсірілетін қант қызылшасын өңдеуде жұмыс істейді.
Қазақстандық қант саласына шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Түркияның «Safi Holding» ірі өнеркәсіптік холдингі жылына 140 мың тонна қант өндіретін жоғары технологиялық жаңа қант зауытын салуды жоспарлап отыр.
Бұл маусымда миллион тоннаға дейін қызылша өңдеуді қажет етеді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 150 миллионнан 200 миллион долларға дейін бағаланады. «Safi Holding» холдингінің бас директоры Сафи Атаканның айтуынша, Қазақстан елеулі аграрлық әлеуетке ие, ал елдегі табиғи және экономикалық жағдайлар қант бизнесін жүргізу үшін қолайлы.
Сонымен бірге, зауыт құрылысына Біріккен Араб Әмірліктерінің «Al Khaleej Sugar» компаниясы да қызығушылық танытты. Ел билігі компания Қонаев қаласы маңында 493 миллион долларға жуық инвестициямен жобаны жүзеге асыруды қарастырып жатқанын хабардар етті.
Ресей Қазақстанға қант экспорттауға тыйым салуды енгізген 2022 жылғы оқиғадан кейін өз өндірістік қуаттарын ұлғайту қажет екендігі айқын болды. Сол кезде елде жеткізілім іркілістер пайда болды, баға екі еседен аса өсті. Ал халық тапшылыққа ұрынды. Бұл дағдарыс ішкі нарықтың осал екенін көрсетіп, саланы жаңғыртуға түрткі болды.
Бүгінде Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге сенімді қадамдар жасауда. Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, шетелдік компанияларды тарту және белсенді мемлекеттік қолдау елдің Орталық Азиядағы ірі қант өндіруші мәртебесін өзіне қайтару ниетін айғақтайды.
Айгүл Байбосынова





