Жеке кәсіпкер Дархан Сәкенов отбасымен Алматы қаласынан туған жері Сарқан ауданына оралды.
Сөйтіп, оған қандай жұмыспен айналысу керек екені туралы ой келді. Кәсіпкер дәмді әрі тәтті тағамдарды ұнататын. Бірақ, ол туған жерінен өз талғамына сай келетін кондитерлік өнімдерді таба алмады. Дәл осы сәтте тәттілер жасаудың әдіс-тәсілдерін әлеуметтік желілер арқылы үйренуді қолға алуды бастаған. Бірте-бірте үй асханасы шабыт пен шығармашылықтың орнына айналды. Үйге келген қонақтарға да үйде әзірленген тәттілер ұсынылатын.
Дәмі тіл үйіретін ас дәмі олардың да көңілінен шықты. Бір күні қонақтардың бірі: «Мұндай тәттілерді сатып алар едім» дегенді алға тартып, кәсіпкерге ой тастады. Бұл сөз кәсіптің бастапқы кезеңі болды. Осылайша «Damin Ai» кондитерлік дүкені іске асты. Кейіннен кәсіпкердің отбасы жеке тапсырыстар бойынша жұмыс жүргізді. Тұтынушылар көбіне өнімдерді туған күн, отбасылық мерекелер мен шағын іс-шараларға сатып алды.
Уақыт өте келе тәтті торттарға тапсырыс берушілердің легі арта түсті. Сатып алушылар көбейген сайын кәсіпкер өзінің дұрыс таңдау жасағанына қуанды. Кәсібінің керегесі кеңейе түскен Дарханның отбасы Талдықорған қаласына көшіп келді. Нәтижесінде осы шаһардан кондитерлік цех ашып, кәсібін одан әрі дөңгелетті. Ойға алған істі жүзеге асыру үшін заманауи жабдықтар мен қосымша инвестициялар қажет болды.
Дархан Қадырұлы «Centercredit» банкіне өтініш білдіріп, «Даму» қорының бағдарламасы аясында «Бірыңғай кешенді бағдарлама» бойынша несиеге қол жеткізді. Субсидиялау құралының арқасында пайыздық мөлшерлеме 8%-ға дейін төмендетіліп, бұл өндірісті сенімді түрде іске қосуға және кәсіпті дамытуға мүмкіндік берді.
Бүгінде «Damin Ai» өнімдері көпшілік арасында танымал. Қазіргі кезде кәсіпкердің кондитерлік екі фирмалық дүкені бар. Сондай-ақ, өзінің тұрақты тұтынушылары да қалыптасқан.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





