Талдықорған қаласы Самал ықшамауданының тұрғындары бір аптадан астам уақыт бойы қоқыстың шашылып жатқанына наразы. Көпқабатты үйлердің маңындағы қоқыс контейнерлері лық толып, симағаны жерге төгіліп, айналаға жағымсыз иіс тараған.
Ең сорақысы — дәл сол маңда балалар алаңы орналасқан. Кішкентай балалар ойнап жүрген жерде үйінді қоқыс мен шіріген қалдық санитарлық қауіп туғызуда.
Қаламыздағы мұндай көрініс тек Самал ықшам ауданымен шектелмейді. Абылайхан көшесі, 257А және Байсейтова 1А мекенжайындағы жағдай да дәл осындай.
Қала тұрғындары әлеуметтік желілер мен тұрғын үй чаттарында белсенділік танытып, жергілікті әкімдік пен жауапты коммуналдық қызметтерден нақты шара қабылдауды талап етуде. «Бұл – бір күндік немесе бір апталық мәселе емес. Жүйелі түрде қайталанып келеді. Көктем келгелі қоқыс көбейді, ал тазалық жоқ», – дейді ашынған тұрғындар.
Бұл мәселеге қатысты ТОО “Жаңа-Сана” ECOALA филиалының директоры Бауыржан Қасымқан төмендегідей түсініктеме берді:
«Біздің мекеме ТОО “Талдықорған Көркейту” мекемесінен үш КАМАЗ КМУ-ді 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап жалға алуда. Алайда бұл техникалардың тозығы жеткен. Нәтижесінде жер асты контейнерлерін (көлемі үш текше метр) уақытылы шығару мүмкін болмай отыр. Дегенмен, қазіргі таңда екі манипулятор жалға алынып, маршрут қайта қалпына келтірілуде».
Бір қарағанда, бұл қадам мәселені шешудің алғашқы қадамы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда қаланың бірнеше ықшамауданында орын алған қоқыс мәселесі коммуналдық инфрақұрылымның жеткіліксіздігін, техниканың ескіруін және жоспарлы жұмыс жүйесінің әлсіздігін көрсетіп отыр.
Мақпал Әділханқызы