Жетісу облысында ондаған жылдар бойы өзекті болып келген Текелі қаласын сумен қамту проблемасын шешуге қатысты соңғы үш жылда жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, жаңа ұңғымалар бұрғыланып, су резервуарлары мен сүзгілеу станциясы салынды, магистралды су құбырлары желілері тартылды.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйеніп хабарлайды.
Биыл қала ішінде жалпы ұзындығы 176 км су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары басталады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қала халқымен кездесуі кезінде айтылды.
Аймақ басшысы қала тұрғындарымен жүздесуде бұл бағыттағы негізгі міндеттерді нақтылап өтті.
«Ендігі кезектегі маңызды міндет – қаладағы су құбыры желілерін жаңарту. Осыған байланысты биыл қаланың «Алатау», «Достық», «Кеншілер», «Металлург» шағын аудандарында ішкі су құбыры желілерін қайта жаңғырту және жаңадан салу жұмыстары басталады», – деді Бейбіт Исабаев.
Жалпы, облыс көлеміндегі 329 елді мекен немесе халықтың 93%-ы орталық ауыз су жүйесімен қамтылған. Өткен жылы орталық су жүйесіне 4 ауыл – Алакөл ауданының Қоңыр, Қаратал ауданындағы Ұмтыл, Ақсу ауданындағы Қопалы, Панфилов ауданындағы Жиделі ауылы қосылды. Биыл тағы 10 елді мекенде жұмыстар жүруде, соның ішінде 4 ауылдағы жұмыстар жыл соңына дейін, 6-уында келесі жылы аяқталады.





