Сарыөзектегі су мәселесін шешуге бағытталған жұмыс жанданып, бүгінде жаңадан қосылған су жүйесіне тіркелу үшін 755 отбасы өтініш берді. Дәл қазір оның 539-ына су жеткізілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елді мекендегі 67 шақырымдық су құбырларының тозу деңгейі 75-ға жеткен. 14 мыңнан астам тұрғыны бар Сарыөзектегі су мәселесіне байланысты үлкен сұранысты өтеу үшін 2024 жылдан бастап «Сарыөзек ауылының сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау жобасы қолға алынған болатын.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 99 шақырымды құрайтын жаңа су құбырлары төселді. Сонымен қатар, 1196 құдық, 1188 ысырма және 257 өрт гидранты орнатылып, инженерлік инфрақұрылым халықаралық талаптарға сай жабдықталды.
Жаңа сумен жабдықтау жүйесіне көшу барысында халыққа ешқандай қолайсыздық тудырмау және ауыз су беруді тоқтатпау мақсатында абоненттерді қосу жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Дәл қазіргі уақытта бірінші кезең жұмыстары қызу жүріп жатыр. Орталық ауруханадан ауылішілік теміржол желісіне дейінгі аумақты қамтитын бұл кезеңде 40 шақырым жаңа желі іске қосылады.
Бірінші кезең аясында 988 абонент, соның ішінде аудандық емхана, мектеп, балабақша мен сот ғимараты жаңа су жүйесіне қосылуда. Бүгінгі таңда жоғарыда атап өткеніміздей 539 отбасы тұщы суды тұтына бастады.





