«Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрғындардың жағдайын жақсартуға негізделген. Негізінен мал шаруашылығына басымдық берілетін қолдауды Сарқан ауданының тұрғындары оңтайлы пайдаланып келеді.
Аталған бағдарламаның игілігін көріп отырған жанның бірі – Алмалы ауылының тұрғыны Аманжол Тыныбаев. Ол 4 млн.329 мың теңге көлемінде несие алып, 9 бас ірі қара сатып алған.
– Ауылдық жерде тұрғандықтан «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы өзгелерден естіп, қажетті құжаттарды жинастырдым. Қаражат жеке шотқа түскеннен кейін бағдарлама шарты бойынша Алмалы, Пограничник ауылынан, Сарқан қаласынан «Әулиекөл», «Алатау» тұқымды ірі қара малын сатып ала бастадым, – дейді Аманжол Серікұлы.
Көп сөзге жоқ Аманжолдың отбасында өзінен бөлек төрт қарындасы бар, үйдің үлкені әрі көзін ашқалы малдың ортасында өскеннен кейін өмірін төрт түліксіз елестете алмайды. 2,5 пайызбен 7 жылға несие алған Аманжол бұл бағдарламаның тиімді тұсы екі жылға берілетін демалыс (каникул) екенін алға тартады. Шаруа адамы үшін бұдан асқан жеңілдік бар ма?! Алға қойған жоспары асқақ малсақ жан қарауындағы мал басын өз төлі есебінен одан әрі көбейтіп, шаруашылықтың ұлғаюына үлес қоссам дейді.
Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы





