Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында «Саяси серпін» жобасы аясындағы «Жас саясаткер мектебінің» қорытынды марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында жобаға қатысқан жастардың жетістіктері қорытындыланып, оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификаттар мен марапаттар табысталды.
Жоба жастардың саяси сауаттылығын арттыруға, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, азаматтық белсенділігін қалыптастыруға және қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына бағытталды. Бірнеше ай бойы ұйымдастырылған оқу бағдарламасы аясында қатысушылар саяси коммуникация, идеология, шешендік өнер, көшбасшылық, жобалық менеджмент, қаржылық сауаттылық және қоғамдық қызмет бағыттары бойынша білімдерін жетілдірді.
Марапаттау рәсіміне жоба спикерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар ұйымдарының белсенділері мен қатысушылар қатысты. Іс-шара барысында жоба спикері Гүлнар Қожағұлқызы Тойлыбаева құттықтау сөз сөйлеп, үздік қатысушыларды марапаттады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Керімбек Болат Бақбергенұлы арнайы бейнеқұттықтау жолдап, жастарға ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты рәсімде жоба спикері Әсия Тұрсынқызы Ахметова, Жетісу облысы ішкі саясат саласының өкілі, жоба спикері Арыстанғали Қадырұлы Арын және жоба жетекшісі Дәулет Бірлікұлы Ауданбаев сөз сөйлеп, жас саясаткерлерге алдағы қоғамдық қызметтеріне сәттілік тіледі.
Жоба барысында өткен семинар-тренингтерде қатысушылар аудиториямен жұмыс жүргізу әдістерін меңгеріп, шешендік өнер мен тиімді коммуникация дағдыларын дамытты. Сондай-ақ идеология, ұлттық құндылықтар, қоғамдық-саяси мәдениет, көшбасшылық, жобаларды әзірлеу және басқару, оларды қаржыландыру тетіктері, қаржылық сауаттылық және жеке даму мәселелері бойынша тәжірибелі сарапшылардың дәрістерін тыңдады.
Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесулер жастардың жаңа бастамаларды жүзеге асыруына, қоғамдық жобаларға белсенді қатысуына және азаматтық ұстанымын нығайтуына ықпал етті.
«Саяси серпін» жобасы жастардың саяси мәдениетін қалыптастыруға, көшбасшылық әлеуетін дамытуға және қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласатын жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Жоба «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды.





