Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, жылқы шаруашылығы – Қазақстан үшін тек тарихи мұра ғана емес, экономиканың, спорттың, білім мен медицинаның маңызды бөлігіне айналуға тиіс.
«Еліміз жыл сайын 160 мың тоннадан астам жылқы етін өндіреді. Алайда бұл мол ресурстың дені өңделмейді, ішкі нарықта сату жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Соның салдарынан біз әлі күнге дейін шетелдерден сапасыз, арзан ет импорттауға мәжбүрміз. Сонымен қатар, бие сүті мен қымыз – денсаулыққа пайдалы, функционалдық тағам. Оны өңдеп, шетелге экспорттау – маңызды міндет», – деді депутат.
Кадр тапшылығы мен білім беру жүйесіндегі олқылықтар
Аманжол Әлтайдың пікірінше, елімізде жылқы шаруашылығына қажетті кадрлар даярлау ісі жүйелі жолға қойылмаған. Шабандоз, атбегі, ипполог, зоотехник-коневод сияқты мамандықтар бойынша арнайы білім беру бөлімдерін ашу және мемлекеттік гранттар бөлу қажеттігі айтылды.
«Жас ұрпақ арасында жылқы мәдениетін насихаттау – стратегиялық міндет. Мектеп бағдарламаларында жылқының қазақ тарихындағы және мәдениетіндегі орны жүйелі қамтылмаған. Сондықтан мектептерде жылқының анатомиясы, күтімі, қасиеттері туралы арнайы модуль енгізу қажет», – деді ол.
Инфрақұрылым және ұлттық спорт
Депутат қазіргі ипподромдардың ескіруіне назар аударып, өңірлерде кем дегенде бес заманауи ат спорты кешенін салу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ұлттық ат спортын дамыту үшін этнофестивальдермен үндестіру және республикалық көшпенділер ойынын жыл сайын аймақтарда өткізу ұсынылды.
Иппотерапия – ерекше балалар үшін оңалту тәсілі
Иппотерапияны дамыту мәселесі де депутаттық сауалда ерекше аталды. Бұл әдіс – ерекше қажеттіліктері бар балалардың оңалуына тиімді тәсіл екені ғылыми дәлелденген.
«АҚШ, Германия, Канада сынды елдерде иппотерапия ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген. Сондықтан бұл әдісті ТМККК және МӘМС пакеттеріне қосып, өңірлерде оңалту орталықтары жанынан арнайы бөлімшелер ашу қажет», – деді Аманжол Әлтай.
«Тұлпар күнін» ресми бекіту ұсынысы
Жылқының қазақ мәдениетіндегі орны мен әлеуетін ескерген депутат елімізде жылқыны ұлықтайтын арнайы күн – «Тұлпар күнін» бекіту қажет екенін жеткізді.
«Жылқы – тек тарихи мұра емес, ол – экономиканың, спорттың, білім мен медицина салаларының, ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі. Көптеген мемлекетте жылқыға арналған ұлттық күндер бар. Біз де ‘Тұлпар күнін’ ресми мереке ретінде бекітуіміз керек», – деді ол.