Талдықорған шаһарындағы «Қаржы» жеке кәсіпкерлігі өз істерін атқаруда сапа мен өнімнің қолжетімді болуына баса назар аударады.
«Қаржы» жеке кәсіпкерлігі жиһаз өндірісі нарығында 2018 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде жетісулық тұрғындар арасында танымал брендке айналды. Кәсіпкер Бұлбұлгүл Құмарханның кәсіпорнында шығарылған өнімдердің сапасы жоғары әрі қолжетімді. Заман талабына сай өндірілетін тұрмыстық жиһаздар тұтынушылардың тапсырысы бойынша жасалады.
Бұлбұлгүл Құмархан – Көкшетау университетінің «Қаржы» мамандығы бойынша білім алған. Университетті бітіргеннен кейін ол сауда және кәсіпкерлік саласындағы мансабын белсенді дамытып, 7 жылдан аса уақытын жиһаз шығаруға және сатуға арнап келеді.
– Мен әрдайым жай ғана жиһаз жасап қоймай, олардың үйде жайлы әрі ыңғайлы орналасуына көңіл бөлгім келді. Тұтынушы біздің өнімдерге көңілі толып, оны өз таныстарына да жарнамалап, тағы бір мәрте сұраныс түскенде, бұл біздің жұмысымызға берілген ең жоғары баға деп білемін, – дейді Бұлбұлгүл Құмархан.
Бүгінде кәсіпкердің Талдықорғандағы базар маңында жеке жиһаз цехы бар. Өндірісте 8 шебер жұмыс істейді. Бұл жерде ас үй, қонақ және жатын бөлмелер мен кіреберісте орналасатын, сондай-ақ, әр тапсырыс берушінің жеке талғамына сай етіп жасалатын үй жиһаздары бар.
Дайын өнімдер Талдықорған қаласындағы «Альтаир» сауда үйі арқылы, сондай-ақ тұтынушылардың тікелей тапсырыстары бойынша саудаланады.
Тапсырыс берушілердің басым бөлігі облыс орталығы мен аудандарының және Алматы қаласының тұрғындары. Сатып алушылар кәсіпорын өнімдері бағасының қолжетімді, сапалы және үйлесімділігі үшін ерекше бағалайды.
– Бүгінде адамдар типтік жиһазды емес, олардың үйіне өлшемі, түсі, пішіні мен функционалдығы жағынан мінсіз сәйкес келетін жиһазды жиі таңдайды. Біз тапсырыс берушілердің барлық тілегін ескеріп, заманауи үрдістермен қатар жүруге тырысамыз, – дейді кәсіпорын иесі.
2023 жылы кәсіпкер жиһаз фасадын өндіруге 5 миллион теңге өтеусіз грант ұтып алды. 2025 жылы шағын автоматты жиектеп қаптау құрылғысын сатып алу есебінен өндірісті кеңейтті.
Бүгінде жаңа жабдық өнімнің сапалы шығарылуына, дайындау кезеңін жеделдетуге және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізуде. Бұған дейін бұл жұмыстың бәрі істі қиындатып, шығынды арттырып, өндірістік үдерісті күрделендіретін. Қазіргі заманғы жабдықтарды сатып алу үшін кәсіпорын «НұрБанк» АҚ-нан несие алып, «Даму» қоры «Кепілдік беру қоры» бағдарламасы аясында қолдау көрсетті.
Қазіргі таңда кәсіпкерлік табысты дамып қана қоймай, жұмыс орындарын құруға, ішкі өндірісті қолдауға және аймақ экономикасының өрлеуіне мүмкіндігінше өз үлестерін қосуда.
– Біздің жоспарымыз – одан әрі өсу, өнім желісін кеңейту және тұтынушылардың сенімін нығайту. Біз Жетісуда шығарылған жиһаздың сенімділік және жайлылықпен байланыстырылғанын қалаймыз, – дейді Бұлбұлгүл Құмархан.
Айгүл Байбосынова
Талдықорған қаласы





