Сан ғасырлық тағдыр тауқыметін бастан өткерген қазақ халқы бүгінде ұлан-ғайыр жерімен, тәуелсіз елімен еңселі. Бұл ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жан бейбітшілік жолында аямай шайқасып өткен ата-бабалардың асқақ арманы еді. Арысын айтпағанда, осыдан бес жарым ғасыр бұрын Керей мен Жәнібек іргесін қалап кеткен қазақ елі өткен ғасырдың соңында өз егемендігін алып, еңсе тіктеуге бет алды. Содан бергі қысқа ғана 30 жылдан астам уақытта қазақ аты ғарышты шарлап, жер әлемге тарады. Сансыз шүкір Аллаға! Міне, бұл ешкім көз жұма қарай алмайтын тұғыры биік Тәуелсіздіктің жемісі.
ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебі Талдықорған қаласындағы филиалының директоры, толыстағы подполковник Мекебек Жамауовтің пікірінше, Тәуелсіздік тәңірдің қазақ халқына сыйлаған тамаша тартуы. Оны бағалай біліп, көздің қарашығындай қорғау әр азаматтың басты парызы. Кеше ғана керегесін керген жас мемлекет үшін бірден өсіп-өркендеп кету шыныменде оңайға соқпасы анық. Заман ағымына сай дамудың жаңа сатысына ден қойған халқымыз небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, көздеген мақсатын жүзеге асырып келеді. Әрине өмірде кемшіліктердің болатыны да ақиқат. Бастысы ұлан-ғайыр жерімізге сай, шекарамыз шегенделіп, төрт құбыламыз еш дау-дамайсыз бекітілді. Сондай-ақ, 130-дан астам ұлт пен ұлысты өз бауырына басқан ұлы даланың ұландары бүгінде бірлік пен берекенің ұйытқысы болып, татулықтың тал бесігіне айналды. Соның нәтижесінде ел экономикасы еселеп артып, бәрін де сабырлықпен еңсеріп келеді. Дәл қазір еліміздің әлемдегі алпауыт мемлекеттер алдында абыройы асқақ, мәртебесі биік. Осының барлығы тұғыры биік Тәуелсіздіктің жемісі.
– «Тәуелсіздік деген бірден қолға келе салған оңай-оспақ нәрсе емес. Мен осы Жетісу өңірінде өсіп-өркендеп келемін. Кеңес үкіметінің шарықтау шегіне жетіп күйрегенін, еліміздің Тәуелсіздік алып бүгінгі күнге деінгі жеткен жетістігін өз көзіммен көрдім. Расында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық қиын жағдайда қалды. Себебі, ескі үкімет құлады. Жаңа үкімет жасақталып іргесі бекігенше бұрынғы жұмыс жасап тұрған небір ірі-ірі өндіріс ошақтары жабылды. Жұртта жұмыс болмады. Мәселен, Талдықорған қаласының өзі жарықсыз, сусыз, жылусыз қалды. Тіпті, мұндағы халық жан-жаққа көше бастады. Кейін Талдықорған облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін қаңырап қалған нысандардың бойына қайта қан жүгірді. «Көш жүре келе түзеледі» деген ғой. Халқымыз ауыл және егін шаруашылықтарын қолға алып, басқа да бейбіт тірлік жасауға бет бұрды. Тоқырау жылдары тұралап, қаңтарылып тұрған небір нысандар қайта жанартылып, іске қосылды. Қазір халықаралық сауда-саттыққа сара жол ашылып, ел экономикасы еселеп артуда. Ел Тәуелсіздік алғаннан бері түк жасалған жоқ деуге келмейді. Қаншама жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар салынып, әсем әлеуметтік нысандар бой көтерді. Салт-дәстүріміз, әдеп-ғұрыптарымыз қайта жаңғыртылып, тарихымыз таразылануда. Дейтұрғанмен бізге өзгеге қарап жалтақтайтын қалыптасып қалған қасаң қағидалардан арылып, ұлт қамы, ұрпақ болашағы үшін болашаққа тың бағыт алу керек», — дейді Жетісу облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бауыржан Барлыбаев.
– «Ал, Тәуелсіздік тартуы тарих парағында алтын әріптермен жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа қала беретін мерейлі мереке. Тәуелсіздік десе менің көз алдыма екі нәрсе елестейді. Соның бірі – қазақ жастарының қызыл қанына боялып, қайтпас жігер, қайсар рухымен, қайта түлеп, елге Тәуелсіздік сыйлаған желтоқсан қозғалысы болса, енді бірі – күллі дүниежүзіне жар салып, сол егемен елдің керегесін керіп, уығын көтеріп, шаңырағын тіктеген күн. Биыл сол тарихи сәтке 30 жылдан астам уақыт өте шығыпты. Сондықтан, Тәуелсіздік мерекесі еліміздің әрбір азаматы үшін алтыннан да ардақты. Бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгілік тұғырлы болғай!» – деп ізгі тілегін жеткізді белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлбақыт Қасенова.
Айдын КӘЛІМХАН
Фото: gov.kz