Елімізде негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 11-25 сәуір аралығында өтеді. Тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Осы кезеңде талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижесімен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі беріледі. 11-16 сәуір аралығында өтінішті бір рет, ал 17-25 сәуір аралығында қалауы бойынша екінші рет бере алады.
ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы жүргізіледі. Талапкерлерге тестілеу күнін, уақытын және пунктін таңдау мүмкіндігі берілген. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір комбинациясын таңдайалады.
Негізгі ҰБТ-ға дайындық деңгейін арттыру үшін қаңтар және наурыз ҰБТ-ларын тапсырған талапкерлерге әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылған. Яғни, әрбір ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектер өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, сол бағытта дайындалып, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін, оларда екінші тестілеуге дайындықты жақсарту үшін уақыт болады.
Одан бөлек, Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынақтары іске қосылды және тест тапсырмалары құрастырылған әдебиеттер тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.





