Әр бұтағына жыр ұялап, сайынан саздың самалы ескен Жетісу жерінің мәдениеті мәуелі, өнері өрісті. Ұлт руханиятының қасиетті қамбасына қазына қотарған өнерпаздарға бай. Тарихтың том-том беттерінде есімі айшықталған тұлғаларының өзін санап, суреттеп шығу қиын. Жерұйық атанған осынау өңірдің орталығындағы Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күні салтанатты түрде атап өтілді.
Шараға жиналған шаһар тұрғындары мен облысымыздың түкпір-түкпірінен келген мәдени сала қызметкерлері алдымен театрдағы көрмені тамашалады. Онда халқымыздың маңдайына басқан жетісулық саңлақтардың картиналары, бұйымдары мен жерұйық мекеннің мәдениеті мен әдебиетіне қатысты жәдігерлер орналасқан.
Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев ізгі тілегін білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау жиынында Бикен Римова атындағы драма театрына 50 жылдық мерейтойына орай академиялық мәртебе беру туралы ұсыныс білдірді. Президент қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған жерлесіміз, актер, театрдың көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділ иеленгенін жеткізді. Әрмен қарай облыс басшысы:
– Өнер – ұлттың жаны, мәдениет – рухани діңгегі. Бұл жағынан Жетісу қашаннан өнер дарыған, салт-дәстүрді сақтаған, әдебиеті мен мәдениеті өркендеген өлке. Кешегі Қабылиса жырау, қобызшы Молықбай, ақын Сара мен жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров, халық суретшісі Әбілхан Қастеев, ғаламат композитор Мұқан Төлебаев, әнші Дәнеш Рақышев, Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков, халық әртісі, әнші Зейнеп Қойшыбаева, театр режиссері Маман Байсерке, сахна саңлағы Бикен Римова, талантты жазушылар Әнуар Әлімжанов, Сайын Мұратбеков, ақын Жұматай Жақыпбаев, композитор Теміржан Базарбаев, дәулескер күйші Рахым Тәжібаев, қазақтың Төлегені Құман Тастанбек сияқты талай тарихи тұлғаларды өмірге әкелген Жетісу өңірі, – деп айрықша атап өтті.
Мерекелік шарада тұлғалардың ізін басқан айтулы өнер жұлдыздары мен аға ұрпақтың дәстүрін жалғастырған жас таланттар барын атаған аймақ басшысы, мәденит саласы бойынша облысымызда атқарылып жатқан игілікті істерге тоқталды.
– Осы киелі өлкеде мәдениет саласын заман талабына сай лайықты дамыту – біздің басты міндетіміздің бірі. Мемлекетіміздің негізгі басымдықтарының қатарында бұл салаға облыста ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның арқасында өңірде мәдениет және архив мекемелерінің штат саны облыс құрылған 3 жыл ішінде 200 бірлікке (2022 жылы 2103 бірлік, 2025 жылы 2303 бірлік), ал олардың жалпы бюджеті 83%-ға өсті. Республикада былтыр 45 жаңа мәдениет нысандары салынса, бір ғана Жетісу өңірінің ауылдарында 3 Мәдениет үйі, 8 блокты-модульдік клуб, Үштөбе қаласында Қаратал аудандық тарихи-өлкетану музейі қолданысқа берілді. Биыл 9 Мәдениет үйінің, 1 аудандық кітапхананың құрылысы және 2 ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәдениетті қолдаудың осындай шаралары арқылы өнердің өрісін кеңейтуге жол ашылып отыр, – дей келе көпшілікті кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Өнер мен мәдениет қызметкерлерінің еңбегі еленіп, бірқатары марапатқа ие болған шарада облыс әкімінің қолдауын, қамқорлығын Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сағындық Жұмаділ ізгі тілегіне арқау етті.
Өз кезегінде Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаева «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, Д. Рақышев атындағы филармониясының аспапшы әртісі Талғат Оразаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ә. Сарыбаев атындағы Кербұлақ аудандық Мәдениет үйінің музыка жетекшісі Ләззат Құсайынова мен Д. Рақышев атындағы филармониясының балет әртісі Тоғжан Есеналиева «Мәдениет саласының үздігі», ал зейнет жасына дейінгі саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған аға буын өкілі Елеусіз Жанпейіс «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы тапсырылып, арнайы 6 аталым бойынша облысымыздағы өнер ұжымдары мен мәдени мекемелер марапатталып, 200 мың теңгенің сертификатына ие болды. Соның ішінде «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» аталымына І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы лайық деп танылып, өнердің қара шаңырағына облыс әкімі жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.
Ән әуелеп, саз қалықтаған, мәдениет қызметкерлері мерейленген шараның соңы облыстағы белгілі өнерпаздардың арнайы дайындаған концертіне ұласты. Айта кетерлігі, мерекелік салтанаттың кіріспе бөлігінде облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов 30-дан астам өнерпаз бен мәдени мекеме қызметкерін ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен және арнайы аталымдар бойынша марапаттады.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ