Талдықорған қаласында қоғамдық тәртіпті бұзып, оны ұстау кезінде қарулы қарсылық көрсеткен азаматты ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері ұстады.
Оқиға шамамен сағат 20:30-да қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқару барысында орын алды. 5514 әскери бөлімінің әскери жасағы алкогольдік масаң күйде өтіп бара жатқан азаматтарға тиісіп, қоғамдық тыныштықты бұзып жүрген ер адамды байқайды.
Заңға қайшы әрекеттердің алдын алу кезінде ер адам әскери қызметшілерге агрессия танытып, оларға шабуыл жасауға әрекеттенген. Оқиға барысында тәртіп бұзушы қалтасынан жүзінің ұзындығы шамамен 90 миллиметр болатын жиналмалы пышақты шығарған.
Әскери жасақ бастығы ефрейтор Данияр Төлепберген, сондай-ақ патрульшілер ефрейтор Бекарыс Рахатов пен Ерік Тоқтарұлы жағдайға жедел әрекет етті. Әскери қызметшілер үйлесімді әрі кәсіби іс-қимыл жасай отырып, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолданды. Нәтижесінде қарулы тәртіп бұзушыны залалсыздандырып, ұстады.
Оқиға орнына Талдықорған қаласы Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Мән-жайды одан әрі анықтау үшін ұсталған азамат полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Ұландықтардың батыл әрі сауатты әрекеттерінің арқасында жағдай дер кезінде бақылауға алынып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін атқарады. Талдықорғандағы бұл кезекті жағдай ұландықтардың күрделі әрі қауіпті жағдайда жедел әрекет етуге әрдайым дайын екенін, заң мен тәртіпті қамтамасыз етудегі кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте көрсетті.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі





