Өзі жүрмеген жолдың ойы мен қырын, ұңғыл-шұңғылын сөз ететін, балын тамызып термелейтін жандар көбейді десек, артық суреттеуге, асыра сілтеуге барып жатқанымыз емес. «Әулиелер мен әмбиелер қателік өткізбеген, қиыс баспаған жан емес. Олар да күнә арқалаған. Кейін өзін-өзі жетілдіру арқылы елге есімін танытқан», – дейді ауылда тірлік жалғаған бір ділмар көкем.
Ойы жұп-жұмыр. Қателіксіз адам жоқ. «Пайғамбарлардың да дін тарихында айшықталғандай ағат кеткен тұсы болған. Олармен салыстырғанда әулиелер не тәйірі?!», – дедік іштей. Келесі толғамында: «Жер бетінің еркіндігі адамға жүктелген. Қалауыңша өмір сүр. Жас кезіңдегі білек күшіңді құмған көтеруге ғана жұмсау – ақымақтық. Ел үшін пайдалы іс тындыр одан да», – деді.
«Бәрекелді!» деп сүйсіндік. Жақсы айтылған дүние. Жарасымды сөздер. «Жинақы ойдың жақұт тізбегі» дерсің. Алайда, «Маңдайына түскен үш тарам терең әжімнен шып-шып етіп шыққан тердің өтеуінен туған азғандай ақшаны жиыстырып, енді қос ауызды үй салып жатқан көкем несіне шіреніп ой сабақтайды екен?» деген ой кеудеде күлбілтеленіп қалғаны. Тіпті жасы елуге таяғанда үш баласының екеуін колледжге әрең түсіріп, жылдық ақшасын малын сатып зорға, зорыға төлеп жүргендегі алысары Алланың діні болғанына таңданасың ғой. Таңданған соң да шығар, «Жас кездегі білек күшіңді құмған көтеруге жұмсау – ақымақтық. Ел үшін пайдалы іс тындыр одан да» дегенін қайталап, осы көкем ел үшін не тындырды екен деген сауалмен іштей әуре болдық.
– Сіз ел үшін не істедіңіз? – дедік ақырында шыдай алмай. Бұл кезде Мұса мен Иса мәсіхтің шежіресін жыр етіп отырған көкем бұйра насыбайын жерге ытқытты да: «Үш перзент бердік! Адал жүрдік, ешкімге қиянат жасамадық…», – деп тізбелей жөнелді.
Айтса ақыл, келтірсе мысал жұғым болмайтын, өз пайымынан өзгені жөн санамайтын сол көкемнің алысары ар, жыр етері дін ғой баяғы. Мұндағы ең жек көретіні – жастардың «Алла» дегені да.
Байқап қарасақ, біздің елде бір адамдай елге қызмет еткен, балалары келін түсірер жаста екі ауызды үйді қалқайтып жатқан «көкемтектес» жандар көп екен. Мен де солардың сүрлеу-сүрдегімен жүріп, қатын алып, елге үш бала сыйлағым келеді. Сосын барып адал жүрсем, тірі жанға қиянат жасамасам болғаны де. Әулиелер мен әмбиелерден қай жерім кем, ә?!.
АРДА БИ
Фото: көрнекілікке алынды