Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай Қаратал ауданында мерекелік шара өтті. Салтанатты жиын аудандық Мәдениет үйінен бастау алды.
Шараға жиылған жұртшылық Мәдениет үйінің фойесінде орналасқан халық шығармашылығы көрмесін тамашалады. Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров Алғыс айту күнінің ұлтаралық достықты нығайтудағы маңыздылығына тоқталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, Балпық би, Пышан Жәлмендеұлы, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Ш. Айманов, Ә. Молдағұлова және Б.Төлегеновалардың мерейтойларына орай Мәдениет үйлері арасында өткен аудандық байқаудың қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде бас жүлдені Кәлпе ауылының Мәдениет үйі жеңіп алды. I орынды Ескелді ауылының Мәдениет үйі еншіледі. II орынды Жылыбұлақ, III орын Жаңаталап ауылына бұйырды.
Осыдан кейін жұртшылық Бастөбе тауында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс!» атты ескерткішке барды. Шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Өз кезегінде өңірдегі корей этнобірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы
Виктор Пак:
– Қазақ елі өздері таршылық көрсе де қаншама ұлтты бауырына басты. Қолда бар көмегін аямады. Қазақ жеріндегі корей халқының бейбітшілік заманда өмір сүріп келе жатқаны сіздердің арқаларыңыз дей келе, қазақ жұртына шексіз ризашылығын білдірді.
***
Алғыс айту күніндегі айрықша шараның бірі – облыс орталығындағы тірлік кешкен жалғызбасты ана санатындағы қайырымға мұқтаж жандарға көмек көрсету. Бұл күні ынтымақ пен бірлікті ту еткен қоғамдық келісім өкілдері «Қаратал» шағынауданында жалғыз тірлік кешіп жатқан неміс ұлтының өкілі Каралина Шленцоваға көмек қолын созып, жүзіне қуаныш сыйлады. Сонымен қатар, шаһарда тірлік кешіп, баласын жалғыз өсіріп отырған татар ұлтының өкілі Дамира Бекмухамбетова мен бала бағып отырған дін қызметкерлері әулие әкей Рустик пен қасиетті ана Аннаға да көмек көрсетілді.
***
Мереке қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов пен «Қоғамдық келісім» КММ, облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері бірқатар ардагерлердің шаңырағында болып, алғаусыз алғыс білдірді.
Құрмет білдірушілер әуелі Екінші дүниежүзілік соғыстың тірі куәгері Ысқақ Құсайыновтың отбасына барды. Майданда ерлік көрсеткен батырға шапан жауып, ілтипат білдірілді.
– Отан үшін отқа түсіп, қасиетті туған жердің қарыс сүйем жері үшін аянбай айқасып, ұрпақтарыңыздың баянды болашағына жол ашқаныңыз үшін Жетісу өңірі тұрғындары атынан алғыс білдіреміз. Бастысы, ел тыныштығы бұзылмай, ырыс-берекесі таси түссін. Зұлмат соғыста ерлік көрсеткен әрбір батырымыздың арқасында қол жеткізген бейбітшілігіміз баянды болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Одан кейін, арнайы топ соғыс ардагерлері Сәрсенбай Қаңтарбайдың, Төлеубай Шектібаевтің үйіне барып, облыс халқы атынан алғыс жеткізілді. Өз кезегінде ақсақалдар меймандарға ілтипатын жеткізіп, батасын берді.
Мұнан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері облыстық перинаталдық орталыққа кіріп, мереке күнінде дүние есігін ашқан сәбилердің аналарын құттықтады. Нәрестелерге қажетті жабдық салынған дорба тарту етілді. Айтулы күнде орталықта 8 ана босаныпты. Солардың қатарында Әсем Малдыбекова да бар. Жеті ұлдан кейін бұрымдыны дүниеге әкелген ана шын қуанышты.
– Жолдасымның сұрауы мен тілеуі ғой. Әлі сәбиімізге есім қоймадық. «Ілтипат» деген ат ұнап тұр. Бірақ, күйеуіммен ақылдасамыз. Алғыс білдірген кісілерге біз де ілтипат білдіреміз, – деді Ә. Малдыбекова.
«Жетісу-Ақпарат»





