Қаратал ауданында өңірде тапшы мамандарды даярлайтын екі колледж бар. Жастарға білімнің шырағын жаққан колледждің оқу бағдарламасымен танысу үшін Үштөбе қаласына бардық.
Ауданда математика, информатика, орыс тілі пәнінің мұғалімдері мен кітапханашылар тапшы. Маман тапшылығын жою үшін 2023 жылы Үштөбе қаласында 100 студентке арналған гуманитарлық колледж ашылды. Бүгінде колледжде 130 студент «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Информатика пәнінің мұғалімі», «Орыс тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алуда.
Жаңа оқу жылынан бастап информатика пәнінің мұғалімдері оқытыла бастапты. Бір топқа 15 студент қабылданған. Солардың бірі Ерзат Әкім:
– ХІ ғасыр – техниканың озық дамыған ғасыры. Осыған орай информатика мамандығын таңдадым. Білім ордасы маған қатты ұнады. Болашақта информатика пәнінің мұғалімі болғым келеді, – дейді.
Колледжде 4 мамандық қана оқытылады. Себебі, бұл аудан жұртшылығының сұранысы. Алдағы уақытта тағы екі мамандық қосылмақ.
– Ауданымызда кітапханашылар мен математика пәні мұғалімдері тапшы. Болашақта осы екі мамандықты ашсақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді Үштөбе қаласы гуманитарлық колледжінің директоры Эльмира Нұржұманқызы.
Білім ордасының материалды-техникалық базасы заманауи оқыту құралдармен толық жабдықталған. Әр оқу кабинеттерінде компьютерлік техника, интерактивті тақта бар. Сонымен қатар спорт және алғашқы әскери дайындық алаңы да салынған. Қосымша ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында кітапхана және оқу залы жұмыс істейді. Колледж студенттеріне арналған 30 орындық жатақхана бар. Онда 21 студент орналасқан.
40 жылдан астам тарихы бар «Бастөбе сервистік-техникалық» колледжінде тек жұмысшы мамандар оқытылады. Білім ордасында «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Электр жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі», «Аспаз» мамандықтары бойынша 312 бала оқиды.
Колледж директорының міндетін атқарушы Абзал Рахымберлінов:
– Наурыз, сәуір айында колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жаңа оқу жылында жаңа ғимаратқа кіреміз деген ойдамыз. Болашақта слесарь мамандығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл аудандағы жұмыс берушілердің ұсынысы, – дейді.
Колледжде жылына 100 түлек жұмысшы мамандығын алып шығады. Өткен жылы олардың 71 пайызы аудандық «МАНСАП» орталығының сұранысы бойынша жұмысқа орналасқан.
Білім ордасында 22 кабинет, 7 зертхана, акт және спорт зал, медициналық пункт, 120 орынды асхана бар. Студенттер тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Колледж кітапханасының оқу залы, интернет желісіне қосылған электронды оқу залы бар. Барлық кабинет пен зертхана интерактивті тақталармен және заманауи стендтермен жабдықталған. Колледждің материалдық-техникалық базасы 2020 жылы 50 орынды жатақханамен, 2022 жылы заманауи үлгідегі 4 блокты шеберханамен толыққан.
Айдар ҚАЛИЕВ,
Қаратал ауданы